дүйсенбі, 31 наурыз, 2025

Футбол федерациясының бұрынғы басшылығы 3 млрд теңгені желге шашқан

/
istockphoto.com
Негізсіз сыйақы төленген, инфрақұрылым объектілерін салған кезде қаражат мақсатсыз жұмсалған, спортшылармен күмәнді келісімдер жасалған, спортшылардың тамағына бөлінген қаражат ұрланған.

Мазмұны

    Бас прокуратура Қазақстанның футбол федерациясы мен бірнеше футбол клубына тексеріс жүргізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

    Тексеру нәтижесінде тиімсіз басқару, 3 млрд теңге мөлшеріндегі қаражатты негізсіз жұмсау фактілері анықталды.

    Атап айтқанда негізсіз сыйақы төленген, инфрақұрылым объектілерін салған кезде қаражат мақсатсыз жұмсалған, спортшылармен күмәнді келісімдер жасалған, спортшылардың тамағына бөлінген қаражат ұрланған.

    Федерацияның бұрынғы басшылығы жекелеген қызметкерлер мен спортшыларға 300 млн теңгеден астам сомада негізсіз сыйақы төлеген.

    Федерацияның әкімшілік ғимараты мен Талғар қаласындағы жаттығу базасын салу барысында іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға 350 млн теңгеден аса төлем жасалған.

    2021 жылы басталған Алматы облысындағы база құрылысы тоқтап тұр, ал мердігердің шоттары бұғатталған.

    Сонымен қатар 135 млн теңге стратегиялық құжаттар мен стандарттарды әзірлеуге бөлінген қаражаттың орынды жұмсалуы күмән тудырады.

    Бұл құжаттарда нақты іске асыру тетіктері, оның ішінде жеке инвестицияларды тарту жолдары көрсетілмеген, ал клубтарды басқару стандарты іс жүзінде енгізілмеген.

    «Ордабасы», «Ақтөбе» және «Жетісу» футбол клубтарындағы тексерулер де келісімшарт сомаларын асырып көрсету, ойыншыларды төмен бағамен сату, жоғары бағамен сатып алу және қаражат жымқыру сияқты бірқатар елеулі бұзушылықтар анықталды.  

    Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Футбол федерациясының бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық іс тергеп-тексеру жүргізу үшін Қаржылық мониторинг агенттігіне берілді.

    Бас прокуратура спорт саласында заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастырады.

    Бөлісу: