дүйсенбі, 31 наурыз, 2025

Жетісу облысындағы 4 ауылда жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді

/
«AMANAT» партиясы
Әр амбулатория 448 шаршы метр аумақты қамтиды және заманауи медициналық жабдықтармен толық жабдықталған.

Мазмұны

    «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Жетісу облысының шекаралық Панфилов ауданындағы Алмалы, Қырыққұдық, Тұрпан және Ақжазық ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілді. Енді бұл ауылдардың 9 мыңға жуық тұрғыны заманауи медициналық қызметті жаңа ғимараттарда ала алады.

    Бұған дейін аталған елді мекендерде медициналық қызмет ескі, бейімделген ғимараттарда көрсетіліп келген. Өткен жылдың сәуір айында басталған құрылыс жұмыстары аяқталып, жаңа нысандар Наурыз мейрамына орай есігін айқара ашты. Әр амбулатория 448 шаршы метр аумақты қамтиды және заманауи медициналық жабдықтармен толық жабдықталған.

    Жаңа амбулаторияларда күндізгі стационар, оңалту бөлмесі, зертхана және алғашқы көмек көрсету бөлімдері жұмыс істейді. Бұл медициналық мекемелерде күнделікті ем-шаралар жүргізуге барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ қажетті дәрігерлер мен орта буын медицина мамандары қызмет атқарады.

    Панфилов аудандық партия филиалының төрағасы Ерлан Оспанбаевтың айтуынша, бұл жобалар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.

    «Халықтың денсаулығы – елдің басты байлығы. Жаңа амбулаториялардың ашылуы ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттырады. Бұл – мемлекеттің әлеуметтік саланы дамытуға ерекше көңіл бөлетінінің дәлелі. Алдағы уақытта да ауылдық жерлердегі медициналық инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жалғасын табады», – деді Ерлан Оспанбаев.

    Жалпы, 2025 жылы Жетісу облысында денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында 35 фельдшерлік-акушерлік пункт, 4 дәрігерлік амбулатория, 20 медициналық пункт, 4 жедел жәрдем станциясы және ҚАЖК-нің (Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті) бір медициналық қызмет нысаны салу жоспарланған.

    Аймақтағы медициналық инфрақұрылымды дамыту халыққа сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып отыр.

    Бөлісу: