сәрсенбі, 2 сәуір, 2025

Дәрігерге сыйақы бермесең, толғақ кезінде көз қырын да салмайды деген шағымдарды естіп жүрміз – депутат

/
сурет: parlam.kz
Депутаттың сөзінше, салада проблема жеткілікті, басқасын былай қойғанда Астана қаласындағы перзентханаларда 550 төсек тапшы.

«AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі депутат Нартай Сәрсенғалиев Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, ана мен бала өмірін сақтауға қатысты бірқатар мәселе көтерді.

Депутаттың айтуынша 5 облыста сәби өлімі көбейген.

Бүгінгі депутаттық сауалым ана мен баланың өмірі туралы. Бұл дүниеге ұрпақ әкелу үшін перзентханаға аттанған ананы перзентімен бірге о дүниеге аттандырған жағдайлар жетіп артылады Қазақстанда. Қанша жанталассақ та жансақтау бөлімінде бәрінің жанын сақтай алмайтынымыз өкінішті. Ресми дерек, соңғы 6 жылды алғанның өзінде ақпараттың артында қанша қазаның жатқанын тап басып тану қиын емес. 2019 жылы Қазақстанда 3360 сәби шетінеп кеткен, 2020 жылы 3286 сәби, 2021 жылы 3732 бөпе бақилық болған. 2022 жылы 3154 нәресте, 2023 жылы 2998 сәби шетінеп кеткен. 2024 жылы 2598 бөпені құндақтаулы күйінде мәйітханадан алып шығуға мәжбүр болды ата-анасы. Әрине, ресми органдар сәби өлімінің азайғанын алға тартады. Бірақ соңғы жылдың өзінде 2 жарым мың бөпеден айрылып қалу көңіл көншітетін көрсеткіш емес. Сорақысы сол, ресми дерекке сүйенсек 5 облыста сәби өлімі көбейген, олар: Абай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстары, – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Ол ана өлімі мәселесі де өте өзекті екенін жеткізді. 

Осы тұста «перзентханада дәрігерге сыйақы бермесең толғақ қысып жаның көзіңе көрінгенде көз қырын салмайды» деп азаматтардың шағымданатынын естіп-көріп жүрміз. Барлық ақ халатты абзал жандарды айыптау ағаттық, дегенмен ісіне салғырт қараған кей адамның кесірінен өмірін медицинаға арнаған мыңдаған білікті маманның атына кір келеді. Ал дәрігер қателігінің құны адам өмірі екенін ұмытпаған абзал. Тақырыптың тағы бір қыры ана өлімі. Ресми сандарға қарасаң санаң сан саққа жүгіреді. Кейінгі 6 жылда  Қазақстанда 563 ана босану үстінде көз жұмған. Сорақысы сол еліміздің 10 облысында ана өлімі көбейген. Ана өлімі ең көп облыстар: Жетісу, Қостанай, Ұлытау мен Ақтөбе облыстары. Мұның бәрі ресми мәлімет. 2024 жылдың қорытындысы бойынша көз жұмған аналардың 54 % қалада, 46 % ауылда тұратыны белгілі болды. Бір қорқынышты тенденция бар, 4 немесе одан да көп баласы бар әйелдер арасында өлім-жітім көбейген, салдарынан 97 бала тірі жетім боп қалды. Құрсағы алтын аналарды алаңдататын бір  дерек бар, 1 жылда шамамен 370 мың ана босанса соның 21%-ы кесарь тілігі арқылы жасалады. Бұл өз кезегінде ананың денсаулығына кері әсер ететініні анық. Бұл тұста «кесарь тілігін жасағаны үшін медициналық мекемеге қомақты қаржы беріледі, сондықтан дәрігерлер кесарға келісім сұрайды» деген үшбу хаттар аламыз. Бұл айыптаудың артында ақиқат бар ма, жоқ па? Бұл да дереу жауабын талап ететін сұрақ, – деді депутат.

Депутаттың сөзінше, салада проблема жеткілікті, басқасын былай қойғанда Астана қаласындағы перзентханаларда 550 төсек тапшы.

Оған қоса маман жеткіліксіз. Елімізде 4 702 акушер-гинеколог жұмыс істейді, тағы 389 маман керек. Босандыру ұйымдарында тек 1 679 акушер – гинеколог жұмыс істейді, оның 560-ы ғана (35%) ампутация жасай алады. Ал акушерияда операциялық техниканың барлық түрлерін тек 438 дәрігер ғана (21%) орындай алады. Бұл үлкен проблема. Тағы бір түйткіл, еліміздегі кей перзентханалар халықаралық талаптарға сәйкес келмейді, инфрақұрылымы нашар, ғимарат әбден тозған. Мәселен орталықтандырылған оттегі жеткізгіші, Сығылған ауа және сору вакуумы, қабылдау бөлімдері жоқ. 3-деңгейдегі босандыру ұйымдарында экспресс бак жоқ. Флора мен антибиотиктерге сезімталдықты уақтылы анықтауға арналған зертханалар жоқ, – деді ол.

Бұдан бөлек, медициналық жабдықтардың тозуы мен медициналық мекемелердің төмен жарақтандырылуы да өзекті мәселе. Мысалы бірнеше орталықта УДЗ, КТГ аппараттары, анестезия аппараттары, ҚСТ анализаторлары, СМАД аппараттары жоқ. 

Мемлекет басшысы Құрылтайда: «Дертке шалдыққан балалардың ата-аналары Астанаға барып, ем алуға мәжбүр» деп Үкімет пен әкімдерге осы проблеманы шешу үшін әр облыста заманауи денсаулық сақтау орталықтарын салуды нақты тапсырғанын көрдік, – деп депутат Үкіметке бірнеше ұсыныс айтты.

Ұсыныстар: 

1. Ана мен бала денсаулығына тікелей жауапты перинаталдық орталықтар мен перзентханалардағы дәрігерлердің, санитарлардың, техникалық мамандардың айлығын көтеру керек. Себебі олар жалақысы жақсы деп жеке секторға кетуде.

2. Өңірлерге мықты дәрігерлерді тарту  үшін бір реттік көтермеақы мен арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қосу қажет.

3. Мықты мамандарды даярлау үшін балалар бейіні бойынша кафедраларды қалпына келтіру керек.

4. Облыс орталығынан шалғайдағы ауылдық жерлерде және аудандарда жүктілігі ауыр өтіп жатқан  әйелдерді алдын ала емдеуге арналған пансионаттарды дереу салу керек. Себебі алыстағы ауылдан толғақ қысқан ананы орталыққа әкелгенше түрлі жағдай орын алуы мүмкін. 

5. «Патронаждық медбике» лауазымын енгізу қажет.

6. Перинаталдық орталықтар мен перзентханалардың, балалар ауруханаларының материалдық-техникалық базасын жаңарту керек.

Бөлісу: