дүйсенбі, 31 наурыз, 2025

«AMANAT»: Солтүстік және Шығыс өңірін кешенді дамыту қажет

/
«AMANAT» партиясы
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева елдегі демографиялық теңгерімсіздік мәселесі еңбек нарығына тікелей әсер ететінін атап өтті.

Мазмұны

    2019 жылдан бері 159 мың адам Қазақстаннан біржолата көшіп кетті. Олардың 73%-ы – еңбекке қабілетті жастағы азаматтар. Сонымен қатар, көшіп кеткен азаматтардың 30%-ы техникалық, экономикалық және педагогикалық бағыттар бойынша білікті мамандар. Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, цифрландыру және инновацияларды дамыту мәселелері жөніндегі Республикалық кеңестің отырысында белгілі болды.

    Біржолата көшіп кеткен жандардың негізгі бөлігі – шамамен 105 мың азамат еліміздің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінің тұрғындары. Олардың 80%-ы ТМД елдеріне қоныс аударды. Сонымен қатар, 2024 жылы ішкі көші-қон процесі күшейіп, оған 1,5 миллионнан астам адам қатысты. Алайда көші-қонның негізгі бағыты мегаполистер болып отыр. Мәселен, Астанаға тұрақты тұруға 151 мың адам, Алматыға – 129 мың адам, Шымкентке – 687 мың адам келді. Осы тұста, солтүстік, орталық және шығыс өңірлердегі тұрғындар саны азайып барады.

    Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева елдегі демографиялық теңгерімсіздік мәселесі еңбек нарығына тікелей әсер ететінін атап өтті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, еңбек ресурстары нарығын реттеу тұжырымдамасын әзірледі. Алайда жүйелі көзқарас пен кешенді шара болмайынша, өңірлер арасындағы халық санының теңгерімін сақтау мүмкін емес. Оның айтуынша, солтүстік және шығыс өңірлер инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы мәселесіне тап болып отыр.

    «Аймақтар арасындағы теңгерімсіздікті жою бағдарламалары қаражат тұрғындар тығыз орналасқан өңірлерді дамытуға құйылатындай етіп жасалған. Сондықтан Қазақстанның Солтүстік және Шығыс аймақтарында инфрақұрылым әлдеқайда аз дамыған. Сол себепті Оңтүстіктен Солтүстікке көшіп барған азаматтар қолайсыз жағдайға тап болып, қайтадан көшіп кетіп жатады. Осылайша, «тұйық шеңберге» тап болып отырмыз: жолдар, мектептер, ауруханалар мен қолжетімді тұрғын үйлер болмаған соң, адамдар көшіп баруға құлықсыз. Ал халық саны артпаса, инфрақұрылым дамымайды», – деді ол.

    Іс-шараға қатысушылар көшіп барған азаматтарға мемлекет тарапынан бірқатар қолдау шаралары қарастырылғанын атап өтті. Қоныс аударған әрбір отбасы мүшесіне 70 АЕК көлемінде біржолғы төлем беріледі. Тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтер ақысын өтеу үшін, елді мекенге қарай 15-тен 30 АЕК-ке дейін жәрдемақы қарастырылған. Сонымен қатар,  қоныс аударушыға сатып алынатын тұрғын үй құнының 50%-ын (4,5 млн теңгеден аспайтын) жабуға мүмкіндік беретін сертификат беріледі. Бұған қоса, осы сертификат арқылы үй тұрғызуға да болады.

    Сарапшылардың айтуынша, көші-қон процесін субсидиялау кезінде кемсітушілікке жол бермеу маңызды. Әлеуметтік шиеленіс тудырмау үшін, мемлекеттік қолдау бағдарламаларында тек көшіп келушілердің ғана емес, сонымен қатар шағын елді мекендерде тұратын азаматтардың да мүддесі ескерілуі керек.

    Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері қоныстандыру аймақтарына 59,6 мың адам көшіп келді. Олардың 3,6 мыңы (6%) кейін қайта оралды. Еңбекке қабілетті 27 мың адамның 2000-ы жеке кәсібін ашқан, 19 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан, ал 347 адам уақытша жұмысқа тартылған.

    Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында шекара маңындағы аумақтарды дамыту мәселесін көтерген болатын. Ол 2022 жылы үш жаңа облыстың құрылуы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға, инвестиция тартуға және тұрғындардың тұрмысын жақсартуға оң әсер еткен маңызды қадам болғанын атап өтті. Алайда бұл процесс Үкіметтің тұрақты бақылауында болуы қажет.

    Табысты бастамаларға мысал ретінде Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында бірнеше ауданның мәртебесі қалпына келтірілгені айтылды. Бұл қадам жергілікті экономиканың жандануына және инфрақұрылымның дамуына ықпал етті. Президент Үкіметке «AMANAT» партиясының шекара маңындағы аудандарды дамытуға бағытталған жаңа заң қабылдау туралы бастамасын жан-жақты қарастыруды тапсырды.

    Кеңеске қатысушылар шекаралық аудандарды ашық жүйе шеңберінде қарастыру қажет екені атап өтті. Еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда, Қазақстанның оңтүстігі тұрғындар аса тығыз орналасқан аймақ саналады. Алайда осы өңірдегі халық тығыздығы көршілес Өзбекстанның шығыс бөлігінен 9 есе аз. Қазақстанның солтүстігінде халық саны азайып барады. Бұл үрдіс Ресейде де байқалуда. Онда халықтың Сібір мен Оралдан орталық және оңтүстік өңірлерге көшуі жалғасуда. Мұндай жағдайға жол бермеу үшін Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерін кешенді дамыту қажет.

    Тағы бір маңызды мәселе – қазақстандық оқушылар мен студенттердің шетелге кету үрдісі. Бұл құбылыс болашақта білікті мамандардың сыртқа кету қаупін тудырады. Екатерина Смышляева білім беру деңгейінің көші-қон процесіндегі маңызды рөлін атап өтті.

    «Көрші елдер тек білікті жұмыс күшін ғана емес, білім ошағы қабырғасындағы жастарды да өзіне тартады. Шекара маңында орналасқан аудандарда тұрып жатқан оқушылар көрші елдерге оқуға кетіп, кейін сол жақта жұмыс істеуді көздейді. Сонымен қатар, Қазақстанда халықаралық университеттердің филиалдары ашылуда. Оларды көші-қон процесіне интеграциялау қажет. Шекара маңында орналасқан аймақтардағы университеттер мен колледждерді дамытуға, заманауи білім беру бағдарламаларын құруға және жастардың білім алуына жағдай жасауға ерекше назар аудару керек. Халықаралық және отандық оқу орындары жоғары сынып оқушылары үшін тартымды болуға тиіс», – деді Кеңес төрағасы.

    Бөлісу: