Мазмұны
Елімізде тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) жинауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтер арнайы кәсіпорындардың шығындарын жабуды қамтамасыз етпейді. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді.
Республикада жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам қалдықтар түзіледі, бұл ретте 2024 жылы қайта өңдеу деңгейі шамамен 26%-ды құрады, бұл жоспарланған 30%-дан төмен. Аталған мәселені шешу үшін министр мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетігін енгізуді ұсынды. Осы тетік шеңберінде ТҚҚ-ға шекті, экономикалық негізделген тарифті бекіту, сондай-ақ оны әкімдіктер деңгейінде белгілеу жөніндегі құзіретті айқындау ұсынылуда. Ол бойынша қазіргі және ұсынылатын тарифтер арасындағы айырмашылықты утиль алымдары есебінен жабу жоспарланып отыр.
Бұған қоса, Мемлекет басшысының ірі қалаларда қоқыс өңдеу зауыттарын салу жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде утиль алымдары есебінен жеңілдікпен қаржыландыру тетігі бекітілді. Ол утиль төлемі есебінен қаржыландырылатын, төлемдер бойынша екі жылға дейінгі демалысы бар жылдық 3%-дан 15 жылға дейінгі қарыздарды қамтиды. Бүгінгі таңда Министрлік әкімдіктер ұсынған құны шамамен 317 млрд теңге болатын 67 жобаны мақұлдады, оның 43-і қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған.
Министрлік жүргізген талдау өңірлерде жобаларды іске асыру және қайталама шикізатты барынша өндіру кезінде тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі қуаттарды ұлғайту үшін айтарлықтай әлеует бар екенін көрсетті.