Өзбекстанның барлық өңірі көктем мен жаңарудың жаршысы – Наурыз мейрамын кең көлемде атап өтіп жатыр. Кенимех ауданында да бұл мереке ерекше сән-салтанатпен өтіп, халықтың бірлігін, ұлттық дәстүрге деген құрметін айшықтады.
Наурыз – береке мен жаңарудың символы
Биыл Наурыз мейрамы «Құндылықтарың баянды болсын, Наурыз!» ұранымен өтті. Мереке қарсаңында Кенимех ауданында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, ауылдар мен қалашықтарға жеміс және гүл көшеттері егілді.
Кенимех аудандық орталығында өткен басты мерекелік шараға 7 жастан 70 жасқа дейінгі тұрғындар ұлттық киімдерін киіп, таңертеңнен жиналды. Мерекеге орай орталық саябақ безендіріліп, алтыбақан құрылды, түрлі этностардың мәдениеті мен дәстүрін көрсететін көрмелер ұйымдастырылды.
Ұлттық дәстүрлер тоғысқан мереке
Наурыз мейрамында қазақ, өзбек, қарақалпақ, орыс, татар және басқа да этностардың өкілдері өз өнерлерін көрсетіп, ұлттық тағамдар әзірледі. Мекемелер мен ұйымдар ақ дастархан жайып, наурыз көже, сумалақ, әсіп, бесбармақ, бауырсақ, қуырдақ, құрт, ірімшік, көк самса сынды тағамдар ұсынды. Жиналған халық «Ақ мол болсын!», «Берекелі жыл болсын!» деп бір-біріне ақжарма тілектерін арнады.
Мерекелік шара халықтық серуенге ұласып, Кенимех аудандық мәдениет бөлімі ұйымдастырған концертке жалғасты. Өнерпаздардың ән-жырлары мен би қойылымдары мерекелік көңіл-күйді көтеріп, тұрғындарға ерекше әсер сыйлады.
Кенимех ауданында өткен бұл Наурыз мейрамы өңірдің рухани бірлігі мен ұлттық құндылықтарға деген құрметін тағы бір мәрте айшықтады.