сәрсенбі, 2 сәуір, 2025

«Таза бейсенбі»: Айналамызды жақсартуға әрқайсымыз үлес қоса аламыз

/
сурет: amanatpartiasy.kz
Көктем мен жаңарудың символы саналатын Наурыз мейрамы қарсаңында бұл акция ерекше мәнге ие болып отыр.

«AMANAT» партиясының бастамасымен еліміздің барлық өңірінде «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтіп жатыр. Көктем мен жаңарудың символы саналатын Наурыз мейрамы қарсаңында бұл акция ерекше мәнге ие болып отыр.

Қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған тазалық жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жүзеге асырылуда. Табиғат оянып, айнала жаңаратын осы күндері еліміздің түкпір-түкпірінде тазалық жұмыстары жүргізіліп, ортақ үйіміз – туған жерімізді абаттандыруға барша халық атсалысып жатыр.

Петропавлда «Таза бейсенбі» акциясы аясында партия мүшелері мен еріктілер қалалық бөгетті нығайту үшін инертті материал салынған қаптар дайындады. 70-тен астам адам бірлесіп, шамамен 400 қап дайындады. Бұл қаптар бөгеттің маңызды бөліктерін қорғау үшін қолданылады. Осындай акциялар тұрақты түрде өткізіліп, төтенше жағдайлардың алдын алуға көмектеседі. 

– Алдын ала қамдану – қауіпсіздіктің кепілі. Біз төтенше жағдайды күтпей, алдын алу шараларын жүргіземіз. Бұл акция тек тазалық жұмыстарымен ғана шектелмейді, сонымен қатар адамдарды біріктіріп, өз өңіріне деген жауапкершілікті арттырады. Бір-бірімізді қолдау және әркімнің үлесінің маңызды екенін сезіну – жұмыстың маңызды бөлігі, – деді «AMANAT» партиясының өңірлік филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Болат Данияров. 

Жетісу облысында «AMANAT» партиясының Панфилов аудандық филиалының мүшелері Кішішыған ауылындағы мәдениет үйінің айналасын ретке келтірді. Наурыз мейрамы қарсаңында көпшілікке арналған іс-шаралар өтетін орынды дайындау маңызды. 

– Наурыз – тек табиғаттың ғана емес, бүкіл өмірдің жаңаратын кезі. Әрқайсымыз айналамыздағы ортаны жақсартуға үлес қоса аламыз. Осындай экологиялық акциялар Наурызнама кезінде өзгерістердің символына айналады, өйткені үлкен өзгерістер кішкентай қадамдардан басталады, – деді «AMANAT» партиясының Панфилов аудандық филиалының төрағасы Ерлан Оспанбаев. 

Ал елордада партия мүшелері мен «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова ескерткішінің аумағын тазалап, батырдың жүз жылдығына орай құрмет көрсетті. Қатысушылар мемориалды қысқы қоқыстан, мұздан тазалап, айналасын ретке келтірді. Бұл бастама сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығына дайындықтың бір бөлігі ретінде ұйымдастырылды. 

– Әлия Молдағұлова – ерлік пен қайсарлықтың символы. Оның ерлігі халық жадында мәңгі сақталады. Мұндай акциялар жастарға бейбітшіліктің бағасын ұғындырып, тарихи жадты сақтау керектігін еске салады. Өскелең ұрпақ өз батырларын білуі және мақтан етуге тиіс. Мемориалдың тазалығы – Әлия Молдағұловаға деген құрметіміздің белгісі, – деді «AMANAT» партиясының Сарыарқа аудандық филиалының атқарушы хатшысы Талғат Тлес.

Айта кетейік, қар мен қоқыс жинау бойынша ұқсас іс-шаралар еліміздің барлық өңірінде өткізілді. 

Еске сала кетейік, өткен жылғы 6 маусымынан бастап «AMANAT» партиясының мыңдаған белсенділері мен мүшелері әр бейсенбі сайын «Таза бейсенбі» акциясына қатысып, қалалар мен ауылдарды, саябақтар мен скверлерді, ескерткіштер мен су айдындарын тазалап жатыр. Бүгінгі таңда ел бойынша 120 мың тонна қоқыс жиналып, 70 мыңға жуық адам акцияға қатысқан. Сонымен қатар белсенділер 100-ден астам өзен, көл және су қоймаларын тазалады. Жұмысты тиімді жүргізу үшін ластанған аумақтардың картасы әзірленді. Әр аумаққа мәслихат депутаттары, белсенділер және бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері бекітілген. Олар өздеріне жүктелген аумақтың тазалығын қадағалап, абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту мәселелерін шешуге үлес қосып отыр.

 

Бөлісу: