Мазмұны
Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуын қамтамасыз ететін маңызды шешімдер қабылданды. Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін жыл сайынғы Ұлттық құрылтайдан халықтың күтері көп екенін айтады.
«Бұл консультативтік-кеңесші органның басты мақсаты – азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы көпір қызметін жүзеге асыру. Сонымен бірге қоғамды ілгерілету бойынша практикалық маңызы бар ұсынымдар әзірлеу. Ұлттық құрылтайдың биылғы отырысында да ел болашағы үшін маңызды мәселелер талқыға түсіп, нақты шешімдер қабылданды. Жалпы «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын тиімді іске асыру мақсатында құрылған Ұлттық құрылтайда ел ішінде айтылып, мәселе болып көтеріліп жүрген жағдайлар назардан тыс қалмады. Осылайша консультативтік-кеңесші орган билік пен халық арасындағы диалогті нығайтып келеді», – дейді ол.
Ал Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаевтың айтуынша Құрылтай – халықтың үнін еститін алаң.
«Ұлттық құрылтай – ел бірлігінің негізі. Президент атап өткендей, өзара түсіністік пен құрмет бар жерде ғана келісім орнайды. Салық жүйесі – мемлекеттің тірегі. Егер бюджет тұрақты болмаса, әлеуметтік міндеттемелерді орындау мүмкін емес. Біздің мақсат – әділетті қоғам құру. Бұл үшін әрбір азамат жауапкершілікті сезініп, елдің дамуына үлес қосуы керек. Құрылтай – халықтың үнін еститін алаң. Мұнда айтылған әрбір пікір, ұсыныс – ел болашағы үшін маңызды», – дейді ол.