Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес былтырдан бастап елімізде Наурыз мейрамы ерекше жағдайда тойланатын болды. Осыған орай арнайы Наурызнама тұжырымдамасы бекітілген болатын. Наурызнамаға сәйкес бүгін, 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Осы орайда turkystan.kz сайтының тілшісі ұлттық киімдерді дәріптеп, насихаттап жүрген дизайнер Қазипа Қалиқызына хабарласып, пікірлескен болатын.
«Қазақи киім тігуді 1984 жылы Қытайда жүрген кезімде бастағанмын. Сол жақта шеберханам, жалға киім беретін дүкенім болды. 1997 жылы Қазақстанға қоныс аударып, бір жылдан кейін «Әз-Сән» деп аталатын ательемді аштым. Содан бері 27 жыл уақыт өтті. Үзбей киім тігіп келемін. Трендтегі ұлттық нақыштағы плащ, жилет, шапандар, абайкалар тігеміз. Қазір кәсібім өрге домалады. Жиырмаға жуық тігіншіміз бен жеке дүкеніміз бар. Сол дүкеніміз арқылы киімдерді Kaspi мен Instagram арқылы сатамыз», – дейді ісмер.
Дизайнердің айтуынша Наурызнама басталғалы бері сауда көркі қыза түскен. Себебі ұлттық киімге деген халықтың қызығушылығы қайта ояна бастады.
«Былтыр Наурызнама басталғаннан бері ұлттық киімдерге сұраныс артты. Жұрт ол ерекше киімдерді Наурызда ғана емес, күнделікті киіп жүретін болды. Жыл он екі ай той-томалаққа, қонаққа деп сатып алады. Былтыр «AMANAT» партиясының орталық аппаратында өткен он күндік көрмеде киімдеріміз қойылды, сатылды. Іс-шараларды ұлттық нақышпен безендіреміз. Ұлттық киім кигенге де ыңғайлы әрі көрік беріп тұрады. Күнделікті тұрмыста, кабинетте, сыртта киіп жүре беруге болады. Сол себепті сұраныс көп. Ерлердің тарапынан да, қыз-келіншектердің тарапынан да қызығушылық зор. Шетелге де тұрақты жіберіп отырамыз. Осы уақытқа дейін АҚШ, Германия, Түркия, Испания секілді әлемнің 30 еліне жөнелттік», – дейді ол.