дүйсенбі, 31 наурыз, 2025

Құрылтайда аудандардың экономикасының дамуына серпіліс беретін тың бастамалар айтылды – депутаттар

/
Құрылтай отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды инфрақұрылымдық жоба қолға алынатыны туралы мәлімдеді.

Мазмұны

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен төртінші Ұлттық құрылтай отырысында көпшілікті толғандырған өзекті мәселелер талқыланды. Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов «Әлеуметтік – экономикалық даму» секциясының жұмысына қатысып, ұсыныстарын жеткізді.

    «Бұл секцияның жұмысына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жетекшілік етіп, әлеуметтік-экономикалық саланың және бюджеттің қазіргі жағдайы, салық мәселері, жүргізіліп жатқан реформалар туралы баяндады. Серік Жұманғарин және Қаржы министрі  Мәди Такиев Ұлттық құрылтай мүшелері қойған сұрақтар мен көтерген мәселелерге толық жауап берді. Мен  экономиканы дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға байланысты мәселелер көтеріп, ұсыныстар айттым. Бұл бағытта шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне арналған жеңілдетілген несие жүйесін құру ұсынылды. Яғни кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтарды,заңды тұлғаларды жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5-9% болатын несиемен қамтамасыз ету керек. Өйткені банктер кәсіпкерлік субъектілеріне жылдық сыйақы мөьшерлемесі 19-22%-бен несие ұсынады. Бұнымен кәсіпкерлікті, экономиканы дамыту мүмкін емес. Сонымен қатар,кәсіпкерлікті қолдау үшін құрылған квазимемлекеттік қорлардың, Қазақстан даму банкінің, даму институттарының қызметін қайта қарастырып, бюджет қаражатының тиімділігін тексеріп, бір жүйеге келтіру мәселесін көтердім. Жалпы секцияның жұмысы ашық түрде өтіп,мәселелер жан-жақты талқыланды», – дейді депутат.

    Мәжіліс депутаты Қазыбек Құрманғалиұлы инфрақұрылымдық жобалардың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысы аталған елді-мекендердің экономикалық дамуына серпін береді.

    «Құрылтай отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды инфрақұрылымдық жоба қолға алынатыны туралы мәлімдеді. Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырды. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Аталған мәселені өңірде халықпен кездескенде Ақтөбе облысы Шалқар, Ырғыз аудандары бірнеше мәрте көтерген еді. Енді міне Мемлекет Басшысы Үкіметке осы жобаны қолға алуды тапсырып отыр. Бұл жоба Торғай өңірімен қоса Ақтөбе облысының Ырғыз, Шалқар аудандарының экономикаларының дамуына серпіліс беретіні сөзсіз!», –  дейді ол.

     

    Бөлісу: