Мазмұны
Кең байтақ қазақ даласына көктемнің алғашқы лебі есіп, табиғат ояна бастаған кезде жаңару мерекесіне арналған Наурызнама мерекелік іс-шаралары басталады. Осы онкүндіктегі ерекше күндердің бірі – Мәдениет пен ұлттық дәстүр күні.
Қазақ халқы үшін қашаннан бері басты құндылықтардың бірі – үлкенді құрметтеу. Бұл қасиет ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, қазіргі заман жағдайында да өз маңызын жоғалтқан емес.
Ұрпақтар сабақтастығын нығайту, отбасылық құндылықтарды сақтау, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу мақсатында Наурызнама онкүндігінде қариялардың батасын алу, олардың өмірлік тәжірибесі мен даналығын бойға сіңіру дәстүрге айналған.
Осы айтулы күн қарсаңында «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев өңірдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан және облыста партия филиалын құру ісінің бастауында тұрған Кенжебай Әлжанұлы мен ұзақ жыл үздік педагогтер қатарынан көрініп, мыңдаған оқушы тәрбиелеген Шалқыма Хайроллақызын құттықтап барды.
«Наурызнама – өмірі мен еңбегі кейінгі ұрпаққа өнеге болатын жандарға құрмет көрсетудің маңыздылығын еске салатын мереке. Сіздердің ел дамуына қосқан үлестеріңіз, қажырлы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз», – деді Азамат Сафималиев.
Сонымен қатар партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Әфиза Семғалиева Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл еңбеккері, ұзақ жылдық тәжірибесі бар педагог Бәкес Бәкешованы мерекемен құттықтады.
«Біз бір кездері шағын ауылда балаларды қиын жағдайда оқыттық: қағаз тапшы, сия сирек табылатын. Қазір заман жақсарды – немерелерім оқу озаты болып өсіп келеді. Үлкендерді ұмытпай, көңіл бөліп жатқандарыңызға риза болдым. Сіздерге зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін», – деп өз алғысын білдірді Бәкес Бәкешова.