Мазмұны
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен төртінші Ұлттық құрылтай отырысында қоғамның күрмеулі мәселері қозғалып, олардың шешу жолдары қарастырылды. «AMANAT» партиясының депутаты Үнзила Шапақ Ұлттық құрылтай секциялары әлеуметтік әділеттілік, мәдениет, экономика, ғылым және білім мәселелері бойынша қарқынды жұмыс істегенін айтады.
«Ұлттық құрылтай – билік пен халық арасындағы сенімді диалог орнататын, ұлттық мүдде жолында маңызды шешімдер қабылданатын алаң. Бұл жерде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, әділетті қоғам құрудың негізі – ашықтық, жауапкершілік және ұлттық бірлік. Осы мақсатта Ұлттық құрылтай әр өңірден, әртүрлі сала өкілдерін жинап, ортақ мүдде жолында жұмыс істейді. Былтыр Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көтерілген бастамалардың нәтижесінде 10 заң жобасы ұсынылып, 9 заң қабылданған болатын, ал биыл 120-дан астам ұсыныс келіп түсті.
Президент биылғы Құрылтайда мына мәселелерге басты назар аударды:
- Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз. Бұл – біздің конституциялық міндетіміз. Бірақ шын мұқтаж азаматтарға ғана көмек көрсетілуі керек. Қызметін асыра пайдалануға, алаяқтыққа жол берілмейді. Сондықтан басымдық берілмеген жобаларға бөлінетін қаржы азаяды. Бұл қажет шара екені айдан анық. Үкімет осы жылдың соңына дейін оны қалай оңтайландыру керектігін біржола анықтап алуға тиіс;
- Қазір әлеуметтік желіде адамға тіл тигізу, ар-намысын аяққа таптау көбейіп кетті. Жалған мәлімет таратушылар бар. Мұндай келеңсіз үрдістерді тыю жолын қарастыру керек.
- Ел ішінде түрлі алаяқтық әрекеттер жиілеп барады. Теріс пиғылды адамдар қайырымдылыққа деп ақша жинап, оны жеке басының пайдасына жаратады. Сондай-ақ көп адам интернет-алаяқтардан зардап шегуде.
Ұлттық құрылтай – жай ғана пікір алмасу алаңы емес, ел болашағына ықпал ететін шешімдер қабылданатын маңызды институт. Оның ұсыныстары заңнамалық өзгерістерге, әлеуметтік реформаларға негіз болып, Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына бағыт береді», – дейді ол.
Ұлттық құрылтай – қоғамның бірігуіне арналған маңызды алаңға айналды. Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашынов Құрылтайда айтылған әрбір мәселе біздің қоғам үшін маңызды екенін айтады.
«Қоғамдық тәртіп, ақпараттық қауіпсіздік, діни ахуал – бәрі елдің болашағына тікелей әсер етеді. Біз заңнаманы уақыт талабына сай бейімдеп, қоғамдағы келеңсіздіктердің алдын алуға тиіспіз. Мемлекет басшысы әріптесім Бақтықожа Ізмұхамбетов қозғаған қоғамдық әдеп мәселесіне назар аударды. Бұл өте орынды, өйткені қазір әлеуметтік желілерде тіл тигізу, жалған ақпарат тарату, ар-намысты таптау белең алып барады. Президент мұндай үрдістерге заң аясында тосқауыл қою керектігін айтты. Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи еліміздегі діни ахуалға алаңдаушылық білдірді. Жат діни ағымдардың жастар, әсіресе спортшылар арасында ықпалы күшейіп бара жатқанын атап өтті.
Президент бұл мәселеге қатысты:
«Елімізде дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуы тиіс», – деді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың отырыстарында үнемі әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық мәселелерге қатысты маңызды шешімдер қабылдап қана қоймай, ел дамуының басқа да бағыттары бойынша басты басымдықтарды айқындайтынына назар аударды», – дейді ол.