619
Абайға деген сүйіспеншіліктің сырындай...
Абайға деген сүйіспеншіліктің сырындай...
Қазақ ақыны Әрхам Кәкітайұлы Абайдың туған жерін: «Шыңғыстың күншығыс жағы жазық дала, 20-25 шақырымдай жерге дейін тастақ, шөбі тақыр, мық жусанды, қар жатпайтын қарабөктер деп аталады. Онан төмен Қарауыл, Тоқпамбет, Қан, Көкенші деген өзендердің суының жайылмасы жалпақ, пәйек, шабындық, қалың ши болады. Сол қыстаулардың күншығыс жақ даласы көкпек, жусан, жалман, құлақ, алғи дейтұғын ащылы-тұщылы шөпті болады. Үш айда жайлауда шалғын мен бетегеге жайылып ащы жерді аңсаған мал осы бауырға келгенде, құрт көргенде аузынан су ағатын қышқыл сағынған адамдай құмартып, құшырлана жеп, мейірі қанады... Таудың төскейіндегі күнбатыс жағы Ойқұдық даласына қарай ағып жатқан көлемі мың қойдың қотанындай жеті жерінен атқылақтап шығып жатқан көзі бар даңғайыр мөлдір сулы бұлақ – Құнанбай, Өскенбай күзеуі» деп, тамылжыта сөзбен суреттеп, суретшілердің де қызығушылығын тудырады.
Осындай тамаша табиғат аясында дүниеге келген Абайдың өзі де көзі тірісінде тамсана аралаған өңір еді бұл. Осындай тамаша табиғат аясында ақын әр қазақтың көңілін тербетер, ойын оятар, намысы мен жігерін қайрайтын поэзияны алып келді.
Ақынның 1896, 1903 жылғы фотосуреттері ғана барын ескерсек, Абай қалдырған мұра, керемет көркемдікпен жеткізген табиғат, махаббат, азаматтық лирикалары көкірегі ояу суретшіге таптырмас тақырып.
Әуесқой суретші, әскери қызметкер, «Халық еркі» қоғамының мүшесі болған, Ростовтан жер аударылғандардың бірі – Павел Дмитриевич Лобановский. Ол өзінің жазасын Өскеменде өтеп жүріп, 1884 жылы тамыз айында Семейге ауыстырылып, өз достарының айтуымен Абаймен танысады және ең бірінші болып Абай тақырыбына қылқалам тербейді. Ол Абайдың портретін 1887 жылы ауылына барғанда қарындашпен салып, «Шыңғыстау болысының 45 жастағы құрметті қырғызы, Статистикалық комитеттің мүшесі» деп жазған. 1887 жылы портрет Сібір-Орал ғылыми-өндірістік көрмесіне қатысады. Бұл сурет Абай бейнесін толық ашпаса да, бүгінгі күнде ең құнды тарихи құжаттардың бірі болып саналады.
Сурет музей қорына Өлкетану мұражайынан келіп түскен. Түсім кітабындағы нөмірі – 489 (КП-489). Кітапта: «Павел Дмитриевич Лобановский. Портрет Ибрагима Кунанбаева. Сделан на бумаге разм. 22х31 см. карандашом с надписью:
«Художник Лобановский 1887 год, латинскими буквами. На обороте портрета и инвентарной книге художественного отдела краеведческого музея за хр. № 914, инв № 18, оригинал» деп музейдің ғылыми қызметкері Б.Аккерманның қолы қойылған.
Бірақ суретшілер ұлы ақын суретін салуға 1934 жылдан кірісе бастады, ақынның туғанына 90 жыл толуына орай Алматыда Абайдың ең үздік портретіне көркем-конкурс өткізілді. Бұл өнер додасына Қазақстанда еңбек еткен көптеген суретшілер қатысты. Көрмеге Ә.Қастеевтің «Абай киіз үйдің жанында» жанрлық суреті және екі туындысы, Н.Крутильниковтің 1927-1928 жылдары туған «Абай өлең жазуда» атты үлкен полотносы қойылды.
1940 жылы Абайдың әдеби-мемориалдық музейінің құрылуы және Абайдың 100 жылдық мерейтойы ақын бейнесі, шығармашылығы мен қызметі, өмір жолына суретшілердің назар аударуына тікелей әсер етті. Өйткені музейге Абай тақырыбындағы бейнелеу өнер туындыларының қажеттілігі туындап, Семей облыстық тарихи-өлектану музейінен, Т.Шевченко атындағы Мемлекеттік өнер музейінен, ҚазССР Мемлекеттік мәдениет сурет көрмесі дирекциясы, Қазақстанның суретшілер одағының көркемөнер қоры, суретшілер көрмелері мен шеберханаларынан сатып алынып, кейбірі арнайы бөлінді. Сонымен қатар Абай мұражайының экспозициясын безендіру мәселесі де өзекті болды. Музей экспозициясын безендірумен Н.Александров – 1963 ж., И.Нимец пен К.Феодорди – 1968 ж., К.Айтқалиев пен Б.Қабидолданов – 1979 ж., Б.Қазанғапов пен Б.А.Көшербаев – 1990 жылдары шұғылданды.
Музейге 1969-1971 жылдары Абайдың 125 жылдық мерейтойына, 1977-1978 жылдары Р.Ершов үйінде жаңа экспозиция ашылғанда, 1992-1995 жылдары ақынның 150 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО көлемінде тойлануы қарсаңында бейнелеу өнер туындылары көптеп түсті.
Жалпы, бейнелеу өнері туындыларына кескіндеме, графика, мүсін, театр декорациясы, сәндік-қолданбалы, монументті және көркемдеу тәрізді салалары жатса, әсіресе, Абай тақырыбы портрет, пейзаж, натюрморт, тақырыптық композиция, иллюстрация жанрларының барлығын қамтыды.
Портрет – ертеде пайда болған жанр болғандықтан, суретшінің шеберлігіне қарай сол адамның өмірден тартқан азабын, қайғысы мен қасіретін, бүкіл жүріп өткен өмірін көруге болады. Портрет жасауда бояуды, қалам ізін, гипс, мәрмәр мен қоланы жан бітіре бейнелеуі суретші шеберлігін айқындайды. Ә.Қастеевтің «Бала Абай» (1968), 1945 жылғы «Жас Абай», «Абай Құнанбаевтың портреті» (1964), «Абай портреті» (1971) ұлы Абайдың өсу, кемелдену кезеңдерін айқындап тұрғандай. Ә.Қастеевтің «Бала Абай» (1968 жылы жазылған( туындысында киіз үй ішінде отырып оқыған кітабынан ғибрат алып, ойға шомған баланы көруге болады. Жалпы Абай портретін жазуда суретші ақ пен жасыл түстерді жиі қолданған.
Абай портреттерінің тізімі А.Ғалымбаеваның «Абай портреті» (1971, картон, майлы бояу), М.Калимовтың «Абай Құнанбаев» (1977, кенеп, майлы бояу); М.Қисамеддиновтың «Абай» (қағаз, линогравюра); Л.Леонтьевтің «Абай Құнанбаев» (1969, қағаз, көмір, қарандаш); «Абай портреті» (1967, кенеп, майлы бояу), Б.Урманченің «Абай жұмыс үстінде» (1944); О.Вольщик «Бала Абай Байкөкше ақынды тыңдауда» (1948); А.Черкасскийдің «Абай Құнанбаев» (кенеп, майлы бояу), М.Құлмұхамбетовтің «Абай портреті» (1987, кенеп, майлы бояу), А.Көшербаевтың «Абай портреті. Абай өлеңдерінің жолдарымен» (2012, қағаз, компьютер графикасымен жасалған) толыға да толыса түседі. Сонымен қатар П.Усачевтің «Бала Абай» (гипс), Х.Наурызбаевтың «Абай» (1970, мрамор), З.Береговаяның «Бала Абай» (майолика), Б.Тулековтің «Абай» (гипс) және т.б. суретшілердің еңбектерімен жалғасады.
Абайтанушы М.Әуезовтің: «Құнанбайдың кім екенін білмесек, Абайдың кім болғанын білу де қиын, бұлар заманының туындысы» – деген пікірі тек әдебиетшілер емес, Абай тақырыбына тоқталған әрбір суретшіге де ой тастады. Осыған орай, Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының бейнесін және оның туған-туыстарын сомдаған өнер туындылары дүниеге келді. Е.Сидоркиннің «Құнанбай», «Құнанбай нөкерлерімен», ақынның анасы «Ұлжан», «Абай әжесі Зеремен» линогравюралары, кенепке майлы бояумен салынған Т.Тоғысбаевтың «Құнанбайы», Н.Өтебаев салған «Құнанбай» портреті, Н.Гаев пен А.Мартов салған Әбдрахман, Ақылбай, Мағауия, Оспан бейнелері, суретшілер В.Антощенко-Оленов, Н.Гаевтың ақынның шығармашылық достары – Н.Долгополов, С.Гросс, П.Лобановскийді, Н.Коншин сомдауы Абайдың өскен ортасы мен шығармашылық, қоғамдық байланысын аша түседі.
Абай поэзиясындағы «ақ киімді денелі ақ сақалды» қыс, «масатыдай құлпырған» көктем, «көкорай шалғын, бәйшешек» тұнған жаз, «сұр бұлт» қаптаған күзді суретшілердің бірі кенепке, енді бірі қағазға бояумен ақын көңіл-күйін, табиғаттың әртүрлі образдары арқылы тап басқандай. Ә.Қастеевтің «Абай болған жерлерде», «Абай бейіті», «Абай қыстауы», «Абай жырлаған Бақанас өзені», «Абай «Жаз» өлеңін жазған Бақанас өзенінің алқабы», «Семей облысының Абай ауданы», «Абай ауданы», «Сарыкөл», «Қарауыл төбе»; Г.Макаровтың «Тұнжыраған күн»; С.Романовтың «Абай қыстағы»; Т.Татиевтің «Даладағы ән»; М.Беляевтің «Қарауыл жотасы», «Алаш қаласы», «Комиссар көшесі», «Жауыннан кейін» «Ескі Семей»; А.Құрманалиннің «Ырғызбайдан Жидебайға дейін»; Н.Өтепбаевтың «Бөрілі», «Қарауыл төбе», «Шыңғыстау», «Жазира»; М.Қисамединов автолитографиялық «Жыл мезгілдері» сериясы арқылы Абайдың туып-өскен, жерлері Шыңғыс пен Семей өңіріне саяхат жасағандай күйге бөлейді.
«Абай жолы» роман-эпопеясы, кітаптарды иллюстрациямен көркемдеу, көркем сурет конкурстарының өткізілуі суретшілердің қиялына қанат бітіріп көптеген бейнелеу өнер туындыларының жарыққа шығауына әсер етті. Әсіресе, кітап көркемдеу ісіне баса назар аударған Құлахмет Қожықов 1941 жылы тұңғыш иллюстарция жасаған. 1941 жылы Абайдың «Күлембайға» атты өлеңіне, К.Я.Баранов Абайдың «қара сөздеріне» иллюстрация (1968, қағаз, автолитография), А.Исмаилова «Бүркітпен аң аулау» (қағаз, гуашь), И.Исабаев 1976 жылы «Абай шығармаларының желісімен» станоктық парақтар сериясын жасады.
Сол сияқты Е.Сидоркин, А.С.Рахманов, Қ.Төреқұлов, К.Тельжанов, К.Шаяхметов М.Әуезовтің «Абай жолы» романына иллюстрациялар жасайды. Суретші Е.Сидоркин сол кезеңде беттік және қос беттік иллюстрациялардан тұратын он алты линогравюраны дүниеге әкелді. Бұл иллюстрациясы үшін суретші Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Бүгінгі күнде Е.Сидоркиннің 30-дан астам туындылары Абай қорық-мұражайына жинақталған. 1971 жылы мұражай тапсырысы бойынша 11 графикалық фриздерді жасайды.
2010 жылы корей тілінде шыққан «Алтын киіз үй өлеңдері» (Абай. Таңдамалы өлеңдер) кітабы суретші Е.Сидоркиннің суреттерімен безендірілген. Өйткені аудармашылар мен кітап редакциясының алқасы заман болмысын терең суреттеген, кейіпкерлердің психологиялық көңіл-күйін жеткізе білетін, анық, ырғақты, иірімді қара штрих пен ақ және қара түстердің үйлесімділігі кітап мазмұнын аша түсетінін түсінген.
Сонымен қатар бейнелеу өнерінде сәндік-қолданбалы өнері бойынша коллекцияда: Г.А.Аткниннің «Абай Құнанбаев портреті» (1976, кесте, жібек, мулине); Ш.Қожаханов гобелендері «Дала», «Жалғастық», «Көктем», «Торығу», «Абайдың үш қайнар бұлағы» (1989, жүн, тоқыма); И.Нимец «Абай» (металл, чеканка); Ш.Ниязбеков «Абай портреті» (мозаика); О.Островский «Абай» (1958, ағаш, мозаика) және т.б. бар.
Бүгінгі күнде музей қорында Абай тақырыбына арналған 700-ге жуық бейнелеу өнер туындылары сақталуда. Бейнелеу өнер туындылары көненің көзіндей, ескінің сөзіндей ескерткіш қана болып қалмай, тарих пен әдебиетті, мәдениетті насихаттайтын тәрбие құралының бірі екені аян. Абайға жаңаша көзқараспен қарайтын білімді ұрпақ барда бейнелеу өнеріндегі Абай тақырыбы да өз өзектілігін жоғалтпайды.
Р. Елекенова,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі»
мемлекеттік қорық-мұражайының
ғылыми қызметкері