Елімізде ақпанда 17 есірткі зертханасы жойылды

Жыл басынан бері Қазақстанда 42 есірткі зертханасы жойылды, 45 күдікті ұсталды

Елімізде ақпанда 17 есірткі зертханасы жойылды
Polisia.kz
127

Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы ауқымды жұмысты жалғастыруда. Тек ақпан айында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті және оның аумақтық бөліністері 17 есірткі зертханасын анықтап, жойды, деп хабарлайды tyrkystan.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Сонымен қатар 19 күдікті ұсталып, заңсыз айналымнан 80 келіге жуық есірткі заты тәркіленді.

Ең ірі қылмыстық істердің бірі Қызылорда облысында анықталды. Мұнда 46 жастағы ер адам – жасырын есірткі зертханасының ұйымдастырушысы және оның туыстары ұсталды. Олар элиталық сұрыптағы қарасораны заңсыз өсіріп, есірткі заттарын ірі көлемде сақтап, сатуды жоспарлаған. Жедел іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері күдіктінің бітпеген үйінде фитозертхананы анықтады. Ол жыл бойы өсімдік өсіруге қажетті жарықтандыру, желдету және суару жүйелерімен жабдықталған. Арнайы операция нәтижесінде 19 келіден астам "голландтық қарасора" тәркіленді, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Данияр Мейірхан.

Жыл басынан бері Қазақстанда 42 есірткі зертханасы жойылды, 45 күдікті ұсталды. Заңсыз айналымнан 100 келіден астам есірткі және 5 тоннадан астам прекурсор – есірткі өндірісіне қажетті химиялық заттар тәркіленді.

Есірткі қылмысымен күрес жалғасуда. Полиция қызметкерлері күн сайын жаңа қылмыстық топтарды анықтау және есірткінің таралуына тосқауыл қою үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізуде, – деді Данияр Мейрхан.

Серіктес жаңалықтары