Атырау облысында мектеп директоры қызметінен босатылды
16 ақпанда әлеуметтік желілерде резонанс тудырған видео жарияланды.

Атырау облысы Құрманғазы ауданында мектеп директоры мектеп автобусы заңсыз пайдаланылғаны үшін лауазымынан босатылды, деп хабарлады turkystan.kz сайты «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
16 ақпанда әлеуметтік желілерде резонанс тудырған видео жарияланды. Кадрларда Бөкейхан ауылындағы Ф.Оңғарсынова атындағы орта мектеп мұғалімдері мектеп автобусын орынсыз пайдаланатыны көрінеді.
Басылым мәліметінше, мұғалімдер жол ақысын төлеп, осы автобуспен марқұмға арналған еске алу рәсіміне барған. Алайда жұртшылық тек мектеп оқушыларын тасымалдауға арналған көлік пайдаланылғанына наразы болған.
«10 ақпанда ауданның барлық мектебіне жұмыс уақытынан тыс мезгілде мектеп автобусын пайдаланбауды талап ететін хаттар жібердік. Соған қарамастан Ф.Оңғарсынова атындағы мектепте осындай жағдай тіркелді. Қызметтік тексеріс қорытындысы бойынша мектеп директоры атқаратын лауазымынан босатылды. Қазір ол өзіне бөлінген оқу сағаттары бойынша физикадан сабақ беріп жүр», - деп түсіндірді аудандық білім бөлімінің бастығы Еділ Баяров.