Әл-Фараби атындағы университетте педагогикалық білім берудегі мәселелер талқыланды
Ғани Бейсембаев педагогикалық білім берудің негізгі рөлін атап өтіп, осы салада жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін педагогиканы ғылыммен және ғылыми қоғамдастықпен біріктіру қажет екенін айтты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде республикада білім беруді дамыту саясатын талқылауға арналған «Қазақстан педагогикасы: білім және ғылым сабақтастығы» атты ғылыми-педагогикалық форум өтті.
Іс-шараға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев, көрнекті ғалымдар, білікті педагог мамандар қатысты.
Форум қонақтары мен қатысушылары үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ факультеттерінің ғылыми және білім беру көрмесі ұйымдастырылды.
Форумда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев сөз сөйлеп, педагогикалық білім берудің негізгі рөлін атап өтіп, осы салада жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін педагогиканы ғылыммен және ғылыми қоғамдастықпен біріктіру қажет екенін айтты. Бұл ынтымақтастық болашақ педагогтарды даярлау сапасын жақсартып қана қоймай, білім беру үдерісіне инновациялық әдістер мен технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Ғылыми зерттеулер заманауи талаптар мен қиындықтарға жауап беретін жаңа оқу бағдарламаларын әзірлеуге негіз бола алады. Министр педагогикалық білім беруді жетілдіру үшін тиімді шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретін ғалымдар мен ұстаздар арасында тәжірибе алмасу үшін платформалар құрудың маңыздылығына назар аударды.
Пленарлық отырыста ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев Қазақстанның білім беру экожүйесін қалыптастырудағы университет рөлін атап өтіп, форумға қатысушыларды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 2022-2026 жылдарға арналған Даму бағдарламасымен таныстырды.
ҚазҰУ-дың Даму бағдарламасында зерттеу университеті ретінде ғылым мен білімге интеграциялану, академиялық көшбасшылықты қамтамасыз ету, университет ғылымының экономикаға қосқан үлесін күшейту және корпоративтік басқару моделін жетілдіру бойынша маңызды міндеттер қойылған. Осы міндеттерді шешу үшін ҚазҰУ мектептер мен колледждердің түлектері жоғары білімге барынша кедергісіз бейімделе алатын оқытудың тұтас экожүйесін қалыптастыра отырып, сабақтастық қағидаты бойынша білім беру процесін құрады.
«2024 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өзінің 90 жылдығын кеңінен атап өтті. Бай тарихы, оқытушылар мен ғалымдардың кәсібилігінің жоғары деңгейінің арқасында университет жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болып, жетекші ұлттық және әлемдік рейтингтерде тұрақты жоғары орынға ие болды», – деді ҚазҰУ ректоры.
Сондай-ақ жиында ҚазҰУ Оқу-ағарту министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп, білім беру саласындағы зерттеу институтын ашатыны айтылды. Институттың өкілдігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының базасында құрылады. Институт Қазақстанда бірыңғай және дәйекті білім беру жүйесін құру үшін ғылыми зерттеулермен айналысатын болады.
Форум барысында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің өзекті мәселелеріне арналған төрт секция жұмысы ұйымдастырылды. Қатысушылар педагогикалық білім беру және оны жетілдіру бойынша тиімді шешімдер әзірлеу үшін отандық ғалымдардың ғылыми әлеуетін біріктіру және басқа да өзекті тақырыптар бойынша сұрақтар мен ұсыныстарды талқылады.
Форум жұмысы барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Оқу-ағарту министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Соңында іс-шараға қатысушылар үшін кампус-тур өткізіліп, қонақтар «Қашықтықтан зондтау және қолдану технологиясы» Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасы, KazNU Robotics өндірістік робототехника орталығы, суперкомпьютер орталығы және «Farabi Hub» инновациялық орталығының жұмысымен танысты.