Алматы полицейлері көлік жүргізушілеріне үндеу жасады
Кейбір жүргізушілер әлеуметтік желілерде хайп пен өздеріне назар аудартуды көздеп, жол ережесін әдейі бұзады.

Алматы полицейлері көлік жүргізушілері мен жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жасады.
«Назар аударыңыз! Құрметті жүргізушілер мен жол қозғалысына қатысушылар! Ішкі істер министрлігі қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатын нығайту, сондай-ақ жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмысты белсенді түрде жалғастыруда.
Біз сізге маңызды хабармен жүгініп отырмыз. Соңғы кездері үрей туғызатын тенденция байқалып отыр. Кейбір жүргізушілер әлеуметтік желілерде хайп пен өздеріне назар аудартуды көздеп, жол ережесін әдейі бұзады. Бұл іс-әрекет қауіпсіздікке ғана қауіп төндірмейді, сонымен қатар жол қозғалысының барлық қатысушысы үшін елеулі қауіптер тудырады.
Жол ережесін бұзу – әзіл емес екенін еске саламыз. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілікке бар және барлық құқық бұзушы заң бойынша қатаң жауапқа тартылады. Жол қауіпсіздігі – біздің ортақ міндетіміз! Жолымызды бірге қауіпсіз етейік! Өзіңізге және айналаңыздағыларға абай болыңыз!» - деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Полицияның мәліметінше, былтыр Алматы жолдарында 6 мың 785 жол-көлік оқиғасы тіркелген, жол апаты салдарынан 105 адам қаза тауып, тағы 7 мың 370-і жарақат алған.