Ақмола облысында 8 жыл бұрынғы кісі өлтіру қылмысы ашылды
Тергеу барысында күдікті ретінде сол кезде небәрі 16 жаста болған жергілікті тұрғын анықталғанымен, оны қылмысқа тікелей байланыстыратын айғақтар жеткіліксіз болды.

Ақмола облысының криминалдық полиция қызметкерлері 8 жыл бұрын жасалған кісі өлтіру қылмысын ашты.
Күдікті анықталып, молекулярлық-генетикалық сараптама арқылы оның кінәсі дәлелденді.
Полицияның мәліметінше, 2017 жылдың қазан айында Аршалы кентіндегі тұрғын үйлердің бірінен 78 жастағы ер адамның көптеген пышақ жарақаттары бар денесі табылған. Тергеу барысында күдікті ретінде сол кезде небәрі 16 жаста болған жергілікті тұрғын анықталғанымен, оны қылмысқа тікелей байланыстыратын айғақтар жеткіліксіз болды. Осылайша іс ашылмай, тергеу тығырыққа тірелген еді.
Алайда өткен жылдың желтоқсан айында күдікті Қостанай облысындағы шекара бақылау-өткізу пунктінде елден шығуға әрекет жасаған кезде ұсталды. Сот санкциясының негізінде одан қан үлгілері алынып, жүргізілген молекулярлық-генетикалық сараптама пышақ сабынан алынған биологиялық материалдың оған тиесілі екенін анықтады.
21 ақпанда Ақмола облысы прокуратурасының үйлестіруімен криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері 23 жастағы күдіктіні Теміртау қаласында қолға түсіріп, оны Аршалы ауданының уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазіргі уақытта аталған кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Тиісті сараптамалар тағайындалып, қажетті тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Ақмола облысының полицейлері сегіз жылға созылған әділетсіздіктің түйінін тарқатып, қоғамға зор қауіп төндірген қылмыскерді анықтап, жауапкершілікке тартты.