«AMANAT»-тың сайлауалды бағдарламасы: Астанада көпбалалы отбасыларға 2,5 мың пәтер берілді

«AMANAT»-тың сайлауалды бағдарламасы: Астанада көпбалалы отбасыларға 2,5 мың пәтер берілді
85

«AMANAT» партиясының Орталық аппаратында өткен жиында Астана қаласы әкімдігінің өкілдері «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы есеп берді.

Жиынға «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев, Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов және тағы басқалар қатысты.

Елордада сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру барысында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Мәселен, 42 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ, 260 млрд теңге сомасына 40 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, ол өз кезегінде 2,4 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 30400 оқушыға арналған 16 мектеп ашылды. Елорданың оң және сол жағалауын байланыстырып, Есіл өзені арқылы өтетін автожол көпірі салынды. Бұл қадам көлік ағынын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік беріп, қаладағы жол жағдайын жақсартты.

Былтыр Астанада абаттандыру жұмысы барысында 130-дан астам спорт және Workout-алаңдары жабдықталып, 137 аула абаттандырылды және 31 қоғамдық кеңістік құрылды. «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансалары іске қосылды. Тиісінше, елорданың қосымша жылу резерві қамтамасыз етіліп, тұрғын үй құрылысын жалғастыруға жағдай жасалды. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға 2 547 пәтер берілді.

Осылайша, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жұмысы қарқынды жүргізілуде. Дегенмен, айрықша назар аударуды және жедел шешімін табуды қажет ететін мәселелер бар.

Жиында Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев сайлауалды уәделердің әр тармағын ойдағыдай орындау міндеті тек әкімдіктерге ғана емес, сонымен қатар мәслихат депутаттарына да жүктелген жауапкершілік екенін атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызға ауқымды міндеттер қойды. Оны жүйелі жүзеге асыру – депутаттар мен жергілікті атқарушы органдарға жүктелген жоғары жауапкершілік. Біз атқарылған жұмыс туралы есеп беріп қана қоймай, нақты нәтижелерге қол жеткізуіміз керек», – деді ол.

Мониторинг қорытындысы бойынша, сайлауалды бағдарламаны жүзеге асырудың Жол картасында жоспарланған пункттердің 86%-ы орындалды. Алайда 14%-ның орындалмай қалу қаупі бар. Атап айтқанда, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар бойынша бірқатар мәселе туындап отыр.

Партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев қалған жобаларға қатысты жұмысты жеделдету қажет екенін атап өтті.

«Сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру қарқынын төмендетпеу қажет. Азаматтарға уәде етілген жобаларды жүзеге асыру үшін барлық кедергіні жойып, ресурстарды жұмылдыру керек. Атап айтқанда, былтыр медицина қызметкерлеріне арналған жатақхана құрылысы аяқталуға тиіс еді. Алайда бұл жұмыс әлі жалғасуда. Тұрғын үй жетіспеушілігі саладағы кадр тапшылығына әсер етеді. Нысанда партиялық бақылау рейді жүргізілді. Онда құрылысшылар да, мердігер де болмай шықты», – деді ол.

Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов бірқатар нысанда жобалық-сметалық құжаттаманы түзеуге және бюджет қаражатының жетіспеушілігіне қатысты мәселелер бар екенін жеткізді.

«Біз Жол картасындағы әр тармақтың маңызын жақсы түсінеміз және балама шешімдер іздейміз. Бірқатар нысан бойынша бюджеттен тыс инвестиция тартылуда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері қарастырылуда», – деді ол.

250 орындық перинаталдық орталықтың құрылысына ерекше назар аударылды. Нысанның құрылыс жұмысын аяқтау мәселесі мемлекеттік сараптаманың ескертулеріне байланысты, кейінге қалдырылды. Жоба биыл сәуір айында қайта қаралады деп күтілуде.

Сондай-ақ, «Оқушылар сарайы» мен «Нұрлы жол» вокзалы аумағындағы нөсер кәрізіне қатысты мәселе әлі шешілген жоқ. Жұмыс қарқынының төмен болуы байланысты, әкімдік мердігер ұйыммен келісімшартты бұзып, жаңа орындаушыны айқындады. Алайда, республикалық бюджеттен қаржы бөлінбеуі жобаны уақтылы аяқтауға кедергі келтіруде.

Жиынға қатысушылар жас мамандар мен аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету сынды бірқатар әлеуметтік жоба әлі жоспарланған көлемде орындалмай жатқанына алаңдаушылық білдірді. 2024 жылы 333 тұрғын үй сертификатының тек 190-ы ғана берілді.

Партияның Орталық аппаратындағы жұмыс тобының және Партиялық бақылау комитетінің мүшелері Жол картасындағы әр тармақтың жүйелі жүзеге асырылуын қадағалау жұмысын күшейтуді талап етті. Атап айтқанда, Павел Казанцев тапсырмалардың орындалуына жеке жауапкершілікті арттыру қажет екеніне назар аударды.

«Мәселе тек есеп беруде ғана емес, нақты нәтижеде. Біз бәрін қатаң бақылауда ұстауға тиіспіз. Қажет болған жағдайда бюджеттік және басқарушылық шешімдерге жедел өзгерістер енгізуіміз керек», – деді ол.

Жиын қорытындысы бойынша партияластар Астана қаласы әкімдігіне қатысты нақты ұсынымдар қабылдады. Атап айтқанда, проблемалық нысандардың құрылыс жұмысы барысын бақылауды күшейту, бюджеттен тыс қаражат көздері есебінен қаржыландырудың қосымша тетіктерін пысықтау, тоқсан сайын Партиялық бақылау комитетіне негізгі жобалар бойынша жаңартылған ақпарат ұсынуға қатысты ұсыныстар айтылды.

Серіктес жаңалықтары