Боран, көктайғақ, жаңбыр: 15 өңірде дауылды ескерту жарияланды
Ертең ауа райы қандай болады?

Ел аумағында қолайсыз ауа райына байланысты 24 ақпанға дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлады Қазгидромет.
Алматы облысында оңтүстік-батыс бағытындағы жел соғып, облыстың батысы мен шығысында екпіні 22 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Ақтөбе облысында түнде қар жауып, боран соғады. Облыстың оңтүстігі мен шығысында қардың қалың түсуі күтілуде. Күндіз солтүстік және шығыс аудандарда қар жауып, төменгі боран болады. Желдің бағыты солтүстік-батысқа ауысып, әсіресе облыстың солтүстігі мен шығысында күшеймек.
Ақмола облысының батысы мен оңтүстігінде түнде қар жауып, боран соғады. Күндіз бұл өңірлерде жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын, боран және көктайғақ күтіледі. Сонымен қатар облыстың батысы, солтүстігі және шығысында тұман түседі. Жел шығыстан соғып, облыстың батысы мен оңтүстігінде екпіні 20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.
Атырау облысының оңтүстігі мен шығысында тұман күтіледі.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен оңтүстігінде, сондай-ақ Өскемен қаласында түнде және таңертең тұман болады.
Жамбыл облысының таулы аймақтарында түнде жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын түсіп, көктайғақ болады. Күндіз облыстың батысы, оңтүстігі және таулы аудандарында жаңбыр жауады. Түнде және таңертең облыстың солтүстігі, оңтүстігі мен таулы аудандарында тұман күтіледі. Жел солтүстік-шығыстан соғып, оңтүстік-батысқа ауысады. Оңтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және таулы аймақтарда желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Тараз қаласындатүнде және таңертең тұман күтіледі.
Батыс Қазақстан облысында түнде өңірдің көп бөлігінде қар жауады, ал күндіз батысы мен солтүстігінде қар күтіледі. Сондай-ақ батыс, солтүстік және шығыс аймақтарда боран мен тұман болады. Орал қаласында қар жауып, боран соғып, тұман түсуі мүмкін.
Қарағанды облысының батысында күндіз аздаған жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі, көктайғақ болуы мүмкін. Батысы мен солтүстігінде кей жерлерде тұман түседі.
Қостанай облысының батысы мен оңтүстігінде түнде қар жауып, боран соғады. Күндіз өңірде қар мен жаңбыр түріндегі жауын-шашын, боран күтіледі. Батысы мен солтүстігінде қардың қалың түсуі ықтимал. Оңтүстік пен шығыста көктайғақ пен тұман болжануда. Қостанай қаласында таңертең және күндіз қар жауып, боран соғуы мүмкін.
Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында түнде қалың қар жауып, боран соғады. Орталық, солтүстік және шығыс аудандарда тұман күтілсе, солтүстік пен орталықта көктайғақ болуы мүмкін. Жел солтүстік-батыстан соғып, түнде орталық пен солтүстікте екпіні 20 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал. Қызылорда қаласында кей уақытта тұман күтіледі.
Маңғыстау облысының батысы, солтүстігі және орталығында тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады. Ақтау қаласында да көктайғақ күтіледі, түнде тұман түседі.
Павлодар облысының оңтүстігі мен батысында түнде және таңертең тұман күтіледі.
Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстік-батысында боран соғады. Оңтүстігінде түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін. Облыстың батысы, оңтүстігі және солтүстігінде шығыстан соққан желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетеді. Петропавл қаласында шығыс желі күшейіп, екпіні 20 м/с болуы мүмкін.
Түркістан облысында кей уақытта жаңбыр жауады, күннің екінші жартысында жауын күшейеді. Түркістан қаласында да жаңбыр жаууы мүмкін. Жел оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып, күндіз екпіні 20 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал.
Ұлытау облысының батысы, солтүстігі және оңтүстігінде жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын жауып, боран соғады, көктайғақ болады. Облыстың батысы, солтүстігі және орталығында тұман күтіледі. Жезқазған қаласында жаңбыр мен қар жауып, боран соғып, көктайғақ болады, тұман түсуі мүмкін.