Ақмола облысында ағасы қарындасының өлімі үшін 5 млн теңге өндіріп алды
Сапасыз медициналық қызмет науқастың жағдайын нашарлатып, оның өліміне әкеліп соққан.

2021 жылы Ақмола облысы Целиноград ауданының 43 жастағы тұрғыны «Гипергликемиялық жағдай» диагнозымен ауруханаға жеткізілген. Төрт сағаттан кейін дәрігерлер оның қайтыс болғанын айтқан.
Марқұмның ағасы медициналық қызметкерлердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан қарындасы қайтыс болғанын айтып, аурухана моральдық шығынды өтеуі туралы сотқа талап қоюмен жүгінген.
Бірінші сатыдағы соттың шешімі
Сот аурухананы талап қоюшыға моральдық шығын ретінде 1,5 млн теңге төлеуге міндеттеген.
Апелляция
Талап қоюшы өтемақы мөлшері тым аз деп есептеп, шешімге шағымданған.
Ақмола облыстық соты істі зерттей келе:
Денсаулық сақтау департаментінің қорытындысы бойынша науқас ішкі қан кетуден анемиядан қайтыс болған;
Дәрігерлер оның жағдайын бағалай алмаған, емдеу диагностикалық хаттамаларға сәйкес келмеген, консилиум, УЗИ, мамандардың кеңесі болмаған және шұғыл ота жасалмаған;
Сапасыз медициналық қызмет науқастың жағдайын нашарлатып, оның өліміне әкеліп соққан.
2021 жылы бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, 2024 жылы ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жабылған.
Қылмыстық іс аясында жүргізілген сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрінің «Стационарлық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығын бұзу фактілері анықталды.
Сарапшылар дер кезінде диагноз қойылып, мамандардың кеңесі мен хирургиялық араласу арқылы өлімнің алдын алуға болатын деген қорытындыға келген.
Талап қоюшының моральдық азап шегуінің ауырлығын, кінәсінің түрін (абайсыздық) және істің мән-жайын ескере отырып, сот бірінші сатының шешімін өзгертті: моральдық шығынды өтеу мөлшері 5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.