Ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі Ресейден экстрадицияланды
Ол Ресей Федерациясының Амур облысында ұсталған.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында болған Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұрын сотталғандардан құралған бұл топ 2022-2023 жылдар аралығында Жамбыл облысының кәсіпкерлері мен тұрғындарына күш қолданып, бопсалау, қарызды өндіріп алу және қорғаншылық көрсетумен айналысқан.
Ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі және мүшелері қазіргі таңда әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды, ал күдікті қылмыс жасағаннан кейін жасырынып, соған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған.
2024 жылдың тамыз айында ол Ресей Федерациясының Амур облысында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Отанына экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкi тәркiленiп, жетi жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.