Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға ресми сапармен келген Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийяртомен келіссөздер өткізді.
Мажар министрінің осы сапары – оның Қазақстанға жетінші ресми сапары, бұл екі ел арасындағы берік әрі ұзақ мерзімді қарым-қатынастардың айқын көрінісі. Осыдан он жыл бұрын П.Сийярто алғаш рет Астанаға сапар жасап, бұл оқиға қазақ-мажар байланыстарын нығайтудағы маңызды меже болды.
Тараптар ортақ тарихи тамырлар мен дәстүрлі достыққа негізделген стратегиялық серіктестікті тереңдетуге бейілділігін қуаттап, екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, саяси, экономикалық, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың басым бағыттары қаралды.
Сыртқы істер министрлері 2024 жылғы қарашадағы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Будапештке сапары және 2023 жылғы қарашадағы Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанның Астанаға сапары қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады.
Келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтуге ерекше назар аударылды. Өткен жылы тауар айналымның көлемі 4,4%-ға өсіп, 200 млн АҚШ долларына жуықтады. Тараптар сауда айналымын 1 млрд долларға дейін ұлғайту бойынша мемлекет басшылары қойған мақсатқа жету үшін қосымша шаралар қабылдауға уағдаласты.
Қазақстан экономикасына құйылған мажарлық тікелей инвестициялар көлемі 370 млн доллардан асты. Қазіргі уақытта жалпы құны 700 млн доллар болатын 16 бірлескен жоба іске асырылуда, оның ішінде энергетика және өнеркәсіп секторларында маңызды жобалар бар.
Мәселен, мажар «MOL» мұнай-газ компаниясы Батыс Қазақстандағы ірі газ-конденсат кен орны – «Рожковское» кенішін игеруге 200 млн доллар инвестиция салды. «Globalia» компаниясы Қазақстанның бірнеше өңірінде күн электр станцияларын салып жатыр, ал «UBM» холдингі биыл 62 млн долларлық үш құрама жем зауытының құрылысын бастайды.
Сұхбат шеңберінде экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған маңызды бастамалар да қарастырылды. Атап айтқанда, Қазақстанда мажар банктердің филиалдарын ашу, Будапештте мультимодальды жүк терминалын салу, Қазақстан мұнайының Мажарстанға жеткізілімін арттыру, сондай-ақ уран мен стратегиялық маңызы бар минералдарды экспорттау мәселелері талқыланды. Осы бағыттағы маңызды қадам – бірлескен Инвестициялық қорды жақын арада құру болмақ.
«Мажарстан – біз үшін бауырлас мемлекет, біз онымен стратегиялық серіктестікке ерекше мән береміз. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты нақты әрі тиімді нәтижелермен байытуға ұмтыламыз», – деді Қазақстан СІМ басшысы.
Өз кезегінде, мажар министрі Будапешттің Астанамен саяси ғана емес, экономикалық, инвестициялық және мәдени салаларда да екіжақты қатынастарды тереңдетуге ниетті екенін растады. «Біз Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге дайынбыз және бұл екі елге де үлкен пайда әкелетініне сенімдіміз», – деп П.Сийярто атап өтті.
Сұхбаттастар сондай-ақ ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына назар аударды. Мажарстан жыл сайын қазақстандық студенттерге 250 білім грантын ұсынады (қазіргі таңда мажар университеттерінде 1000-ға жуық қазақстандық студент білім алуда).
Сонымен қатар 2025 жылғы мамыр айынан бастап Шымкент пен Будапешт арасында тікелей әуе рейсі ашылады. Бұл бауырлас халықтар арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтып, түрлі салалардағы ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер туғызады.
Келіссөздер аясында тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, оның ішінде Еуропа мен Таяу Шығыстағы қақтығыстар жөнінде пікір алмасты. Қазақстан мен Мажарстан сыртқы саяси ведомстволарының басшылары қарсыласушы тараптар арасында бейбіт әрі сындарлы диалогтың орнатылуына үміт білдірді.
М.Нұртілеу Қазақстанның БҰҰ Жарғысының қағидаттарына, сондай-ақ еліміздің тек қана бейбіт жолмен шешуге бағытталған теңгерімді және прагматикалық сыртқы саясатқа берік екенін растады.
Министрлер сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да көпжақты ұйымдар аясындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
Мажарстанның Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) жұмысына белсенді қатысуын ерекше атап өткен тараптар Будапештте өтетін алдағы бейресми ТМҰ саммитінің ортақ түркі мұрасымен байланысқан елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болатынын жеткізді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша дипломатиялық академиялар арасындағы әріптестік және мажар тілін оқыту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Қазақстанда 30-ға жуық мажар компания және 40 бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. 2005 жылдан бастап Мажарстаннан Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялар көлемі 370 млн доллардан асты.