Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Қазақстан Республикасының еңбек нарығына автоматтандыру, роботтандыру және жасанды интеллектінің әсерін бағалау" тақырыбындағы зерттеу туралы мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, зерттеу 2022 жылы жүргізілген.
"Зерттеу аясында жұмыс орындарын автоматтандыру, роботтандыру немесе генеративті жасанды интеллектіні (ГЖИ) қолдану мүмкіндігі бойынша 423 бастапқы кәсіби топтың қызметі талданды. Нәтижесінде, жалпы алғанда, қызметкерлердің 29 пайызының функцияларын автоматтандыруға, ал 13 пайызын ГЖИ көмегімен орындауға болатыны анықталды", – деп хабарлады министрлік Tengrinews.kz редакциясына берген жауабында.
Зерттеу нәтижесінде жұмыс орындарының 25 пайызы автоматтандырудың орташа және жоғары тәуекел деңгейіне жататыны, ал шамамен 12 пайызының функцияларын генеративті жасанды интеллект (ГЖИ) көмегімен орындау ықтималдығы жоғары екені анықталды.
"Осылайша, белгілі бір жағдайларда шамамен 2,2 миллион жұмыс орны автоматтандырылуы мүмкін, оның ішінде 1 миллионнан астамы – ГЖИ-дің кеңінен енгізілуі есебінен. Еңбек нарығы үшін автоматтандырудың негізгі қаупі ірі қалаларға тән, онда бұл процесс нәтижесінде жұмыс орындарының 33-36 пайызына дейін автоматтандырылуы мүмкін. Сондай-ақ бұл үрдіс өнеркәсіптік дамыған өңірлерге де әсер етеді", – делінген жауапта.
Генеративті жасанды интеллектінің (ГЖИ) ең үлкен қаупі Алматы қаласына тиесілі, өйткені ол – қаржы және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салаларының орталық хабы. Бұл салалар еңбек нарығына әсер ету тұрғысынан ең осал болып саналады.
Салалық тұрғыдан алғанда, ГЖИ жұмыс күшін алмастыру әлеуеті ең жоғары сала – кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет, сондай-ақ денсаулық сақтау саласы.