Қарағандыда мемлекетаралық іздеуде жүрген ломбард филиалының бұрынғы директоры ұсталды. Ол басқа біреудің мүлкін иемденіп, талан-таражға салды деп күдікке ілінген.
Polisia.kz мәліметінше, қарағандылық ер адам Шымкенттегі ломбардтардың бірінің филиалының директоры бола тұра, өз сыбайластарымен бірге ЖШС-ға тиесілі 1 млрд теңге қаражатты иемденіп, талан-таражға салған.
Бұдан бөлек Алматыда криминалдық полиция қызметкерлері аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген ер адамды ұстады. 2023 жылдың қараша айында кәсіпкерлік қызметтің атын жамылған ол жәбірленушіге тендерге қатысса, жақсы пайда табатынын уәде етіп, 76 млн теңгеден астам қаражат пен Lexus 570 автокөлігін иемденіп алған.
Ал Маңғыстау облысының "Бейнеу" теміржол станциясында көрші мемлекеттің азаматы ұсталды. Ол ұрлық жасағаны үшін полиция іздеуінде жүрген. Өткен жылы ер адам Атырауда топпен бірге базар қоймасынан 19 млн теңгеге тауар ұрлап кеткен. Барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.