«Ақшаны жеке шотқа жібермеңіз»: Ішкі істер министрлігі азаматтарға үндеу жасады

Қаражаттан айырылып қалмас үшін ІІМ қарапайым ережелерді сақтауды ұсынады

«Ақшаны жеке шотқа жібермеңіз»: Ішкі істер министрлігі азаматтарға үндеу жасады
Pexel
3195

Ішкі істер министрлігі онлайн сатып алу кезіндегі ықтимал қауіптер туралы ескерту жасады, деп хабарлады Polisia.kz.

Жаппай жеңілдіктер, әртүрлі мерекелерге арналған жалпы сатылымдар кезінде азаматтар алаяқтарға алданып қалуы мүмкін. Мысалы, ақпан айында көптеген елде "ғашықтар күні" аталып өтеді. Осыған орай адамдар өздерінің сүйіктілеріне сыйлық жасауды жоспарлап жатады.

Қаражаттан айырылып қалмас үшін ІІМ қарапайым ережелерді сақтауды ұсынады:

Тауарды тек тексерілген сайттардан немесе ресми маркетплейстерден сатып алыңыз,

Тым төмен бағаға қызықпаңыз. Егер жеңілдік күмәнді көрінсе, бұл алаяқтық болуы мүмкін,

Егер әлеуметтік желілерде "қызықты" ұсынысқа тап болсаңыз, дүкен немесе сатушы туралы мәліметтерді тексеріп алыңыз. Бұл жағдайда қалдырылған пікірлерге, тіркелушілердің санына және бөліп төлеу мүмкіндігіне назар аударған абзал. Алайда оның кепіл бола бермейтінін де есте ұстаған жөн,

Сатушыға бейнеқоңырау шалу арқылы өнімнің бар екеніне көз жеткізіңіз. Дүкеннің мекенжайы мен орналасқан жерін көрсетуді талап етіңіз. Егер бұл алаяқтар болса, олар түрлі сылтаулармен талаптардан бас тартып, сендіру үшін геолокация жібереді, бірақ бұл ықтимал алаяқтың айласы,

Төлем әдістерін тексеріңіз. Ақшаны жеке шоттарға жібермеңіз,

Жеке деректерді қадағалаңыз. Ешқашан құпия сөздерді, SMS-кодтарды және карта деректерін бөгде адамдарға бермеңіз.

Серіктес жаңалықтары