Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов Харбинде өтіп жатқан IX қысқы Азия ойындарында жеңіске жеткен Армия орталық спорт клубының мерзімді қызметтегі жауынгері Владислав Киреевті құттықтады.
Министр телефон арқылы сөйлесу барысында Қорғаныс министрлігінің Армия орталық спорт клубы спортшыларының жетістіктерін мақтан тұтатынын атап өтті.
– Сенің жеңісің – тәртіптің, табандылықтың және қажырлы еңбектің арқасында спорттық ареналарда ғана емес, елге қызмет етуде де биік белестерді бағындыруға болатынын дәлелдейді. Азиада ойындарында алтын алу – үлкен жетістік, бірақ кез келген спортшының басты арманы – Олимпиада алтыны. Сол шыңды да бағындыруыңа тілектеспін, – деді министр.
Сондай-ақ, ол Владислав Киреевтің ата-анасына осындай қайсар ұлды, спортшы әрі Отан қорғаушыны тәрбиелегені үшін алғыс білдірді.
Бұдан бөлек, Қорғаныс министрі Азия ойындарында шаңғы жарысында қола медаль жеңіп алған Олжас Климинді, биатлон сайысында үздік ондыққа енген әскери спортшыларды, сондай-ақ рейтингте алтыншы және жетінші орындарға тұрақтаған Қарулы Күштердің өкілдері Әсет Дүйсенов пен Александр Мухинді де құттықтады.