Биыл 21,8 миллион гектар алқапқа егін егілмек

Биыл 21,8 миллион гектар алқапқа егін егілмек

Биыл 21,8 миллион гектар алқапқа егін егілмек
ашық дереккөзі
Көктемгі егіс науқаны да жақындап қалды. Жылдағыдай егістік алқаптарының аумағын ұлғайту, себілетін дақылдың көлемін арттыру және жанар-жағармай тапшылығын болдырмау мәселелері Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында пысықталды. Астықты өлкелер дайындықты бастап кеткелі қашан, десе де кейбір аймақтар су тасқыны мен еріген қар суының кесірінен егістік науқанына кірісе алмай отыр. Табиғат құбылыстарының жайсыздығына қарамастан биылғы егістік аумағы 21,8 миллион гектарды құрмақшы. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 311 мың гектарға артық. 15 миллион гектар жерге дәнді-дақыл салынады, 12 миллион гектар аумаққа бидай егілмек. Бұл дақыл өткен жылмен салыстырғанда 339 мың гектарға аза­йып қалғанын байқауға болады. Жыл сайын алға қойылатын негізгі мәселенің бірі – суармалы жерлерді көбейту әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Себебі республиканың шалғай аймақтарында егістік алқаптарының көпшілігі егін салуға жарамды, бірақ судың уақтылы келмеуі, бұрынғы арықтар мен канал суының тартылуы кедергі келтіруде. Нәтижесінде су тапшылығы суармалы жерлер аумағын кемітуде. Осы мақсатта биыл су сіңіретін дақылдар алқабын азайту көзделген. Сөйтіп, күріш алқабы – 1,9 мың гектарға, мақта алқабы 4,6 мың гектарға қысқартылып, басымдықты дақылдар алқабы арттырылды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғановтың мәліметіне сәйкес, мал азығы дақылдары көбейтілген. Мәселен, арпа, сұлы, дәндік жүгері, бұршақ, ноқат дақылдары 208 мың гектарға ұлғайса, жарма дақылдарының алқабы 10 мың гектарға арттырылды. Майлы дақылдар алқабы көбейтіліп, 2,1 миллион гектарға жеткізілді. Көктемгі егіс науқанының негізгі түйткілді тұстарының бірі – тұқыммен қамтамасыз ету мәселесі. Мысалы, Канада мен Австралияда қолданылатын сұрыптардың сапасына қарай сұрып ауыстыру орта есеппен 5-7 жыл са­йын жүзеге асырылады. Ал Солтүстік Қазақстанның егіс алқаптарында көптеген бидай сұрыптары – 20-30, тіпті 40 жыл бойы қолданылып жүргені жасырын емес. Ауылшаруашылық та­уарларын өндірушілерді жоғары сапалы тұқыммен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік бағдарлама аясында тұқым шаруашылығын қолдау тетігі жетілдірілді. Мысалы, биылдан бастап түпкі және таңдаулы тұқымдарды субсидиялау қайта жанданып, алғашқы репродукция тұқымдары тек басымдықты дақылдар бо­йынша, минималды нормаларсыз субси­дияланатын болады. Вице-министрдің айтуынша, жеміс-жидектер мен жүзімдердің таңдаулы көшеттерін, бірінші буындағы гибридтерді субсидиялау жалғасын таппақ және бұл жұмыс үнемі жүргізіліп отыруы тиіс. Сонымен қатар АӨК-тің 1500 субъектісіне көктемгі егіс және оны жинау жұмыстарын жүргізу үшін шекті мөлшерлеме жылына 6 пайыздан аспайтын қаржыландыру жүйесіне көшірілмек. Биыл көктемгі егіс және жиын-терін жұмыстарын қаржыландыруға 60 миллиард теңге сомасында бюджеттік несие бөлінген. «2017 жылдың басындағы жағдай бойынша республикада 153 мың трактор, 83 мың тұқым сепкіш, 292 мың топырақ өңдейтін құрал-жабдық, 5 мың бүркуіш, 3,6 мың заманауи өнімділігі жоғары егіс кешені бар. Жалпы, республика бойынша ауыл шаруашылығы техникасын даярлау қарқыны өткен жылғымен бірдей деңгейде. 2017 жылғы 15 наурыздағы жағдай бойынша тракторлардың дайындығы 86 пайыз, тұқым сепкіш – 89 пайыз, қопсытқыштардың деңгейі 91 пайызға да­йын», – деді Қайрат Айтуғанов.

Жанармай мәселесі жөнге келді

Бұл мәселе жыл сайын бір жүйеге салынып, алдын ала қамданғанымен көктемгі егіс және жиын-терін науқаны тұсында өршіп шыға келетіні белгілі. Жанармай тапшылығы өз алдына, бар өнімнің бағасы шарықтап, шаруалардың қолын байлайды. Осы жайтты болдырмау мақсатында биыл дизельдік отынның 375 мың тоннасы егіс жұмыстарын уақтылы жүргізуге бағытталып отыр. Наурыз айында тоннасына 148 мың теңге деңгейінде баға белгіленген. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев өзінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовке Энергетика министрлігімен бірлесе отырып ауылшаруашылық тауар өндірушілерін дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесін бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар, «ҚазАгро» холдингіне ақшалай қаражатты уақтылы бөлу және ауылдықтар үшін оның қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды. Үкімет басшысы Бақытжан Сағын­таев облыс әкімдерінің де көктемгі егіс науқанына дайындықтары жайында есептерін тыңдап, жауапты мемлекеттік органдарға алдағы жұмыстарды жүргізу аясында бірқатар тапсырма берді. Премьер-министр Үкімет тарапынан көктемгі егіс жұмыстарын қаржылық және материалдық-техникалық қам­тамасыз ету бойынша барлық ше­шім­дер қабылданғанын атап өтті. Осыған байланысты барлық ауыл ша­руа­шылық жерлері тиімді пайдаланылуы керек. Бюджетте егістік үшін қарас­тырылған қаражат қатаң түрде өз мақсатына бағытталуы тиіс. Бұл мәселе тұқымдарды субсидиялауға да қатысты айтылды. Жалпы, алдын-ала болжам бойын­ша, күзде мол өнім алынуы тиіс. «Гидрометеорологиялық қызметтің мәліметтері бойынша топырақтың беткі қабатындағы нақты күзгі ылғал қоры мен көктемгі егіс жұмыстарының басталуы қарсаңында түскен жауын-шашынды ескерсек, еліміздің барлық аумағында дерлік топырақтағы ылғал қоры қолайлы әрі қанағаттандырарлық болады деп күтілуде. Бұл биылғы жылы жақсы өнім алудың алғышарттары болып табылады», – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов. Сонымен қатар шикізаттық емес экспорт көлемін 2025 жылға қарай екі есеге дейін арттыру туралы Үкімет алдына міндет қойылғанын ескерсек, оны жүзеге асыру үшін экспорттық қолдау жүйесін «қайта жүктеу» бойынша жұмыс жүргізілуі тиіс және жалпы экономиканың басым салаларында бәсекеге қабілетті экспорттық өндірістерді дамыту дереу қолға алынуы тиіс. Демек, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, азық-түлік өнімдеріне пайдалану арқылы жүктелген міндетті қамтуға барлық мүмкіндік жасалып отыр.