Астанада «Қазақстандағы қала ұтқырлығын дамыту» атты форум өтті

/
Астанада «Қазақстандағы қала ұтқырлығын дамыту» атты форум өтті
Көлік министрлігінің баспасөз қызметі

Елордада «Қазақстандағы қала ұтқырлығын дамыту» атты форум өтті. Аталған форумда көлік пен қала инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды. Сарапшылар әсіресе, такси қызметін дамытуды, микромобильді көліктерді реттеуді және қоғамдық  көлік тасымалын бір жолға қоюды талқылады.

Жиынға көлік саласындағы жетекші сарапшылар, Мәжіліс депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік орган басшылары, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдері қатысты.

Форум қатысушылары электр скутерлерді, велосипедтерді және басқа да жеке қозғалыс құралдардың құқықтық реттеу және дамыту мәселелерін талқылады. Қауіпсіз велосипед-инфрақұрылым құру, нормативтік-құқықтық базаны үйлестіру және микромобильділікті қалалардың көлік экожүйесімен бірлесе қызмет атқару қажеттілігі сөз етілді. Сонымен қатар іс-шара қатысушылары автокөлікпен жолаушылар тасымалдау саласындағы мемлекеттік функциялардың бір бөлігін өзін-өзі реттеуге беру туралы жаңа заңды талқылады.

Нартай Сәрсенғалиев,  Мәжіліс депутаты:
“Бұл – жекелеген компаниялардың болмаса таксистердің мүддесі емес, бұл – қарапайым халықтың мүддесі. Өйткені СРО деп жатады ғой елдің аузында, өзін-өзі басқару ұйымы. Бұған әрбір жолаушы тасымалдайтын азамат арнайы жарна төлесін. Алғашында министрлік өкілдері әр такси жүргізушісі 1200 теңгеден төлесін деді. Одан кейін 900 теңге деген сөз шықты. Ең соңында шарасы қалмаған соң министрлік өкілдері мұны 100 теңгеге түсірсек болады дейді. Бірақ біз неге тариф саясаты мен қауіпсіздікті жеке компанияға беруіміз керек? Бұл – мемлекеттік орган өзінің тікелей функцияларынан бас тартып жатыр деген сөз”.

Сондай-ақ, форум аясында автопаркті жаңарту, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту және маршрут желіні жетілдіру сияқты қоғамдық көлікті дамыту мәселелері талқыланды. Форумның мақсаты – қала мобилділігін жақсартуға және өмір сапасын арттыруға бағытталған практикалық шешімдерді іздеу үшін мемлекеттік органдардың, жеке сектордың, халықаралық ұйымдардың, сарапшылар мен азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіру.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары