«Роза Рымбаева мен үшін кешірім сұрады»: Айгүл Иманбаева басынан өткен оқиғаны айтып берді
Айгүл Иманбаеваның айтуынша, 2008-2009 жылдары оны Роза Рымбаева үйіне қонаққа шақырған
Актриса Айгүл Иманбаева "Таңшолпан" бағдарламасына берген сұхбатында басынан өткен қызық оқиғаны айтып берді, – деп жазды Aikyn.kz.
Айгүл Иманбаеваның айтуынша, 2008-2009 жылдары оны Роза Рымбаева үйіне қонаққа шақырған. Сол кезде жолда болған оқиғаны баяндады.
"Екеуміз шай ішіп болған соң ол дүкенге барып келейік деді. Роза Қуанышқызы қасымда отыр, мен көлік айдап келе жатырмын. Бұрылуға болмайтын қос жолақты жолда келе жатырмыз. "Қасымда Роза ханым бар ғой, ұстап алса, жауап береді" деп бұрыла салдым. Артымнан жол полициясы қуып келді. Көліктен түскен жоқпын, әлемді тіреп тұрған адамдай отырмын. Терезені ғана аштым. Роза Қуанышқызы жауап береді деп отырмын ғой. Бір қарасам, Роза Қуанышқызы қасымда жоқ. Көліктен түсіп кеткен. Ол жаңағы жол полициясымен сөйлесіп тұр. "Ол жас қой деп" мен үшін кешірім сұрап жатыр. Бұл оның кішіпейілділігін көрсетеді. Аңызға айналып кеткен адам болса да, өте кішіпейіл", - деді өнер иесі.