Жол құрылысында сыбайластыққа жол бермеу мәселелері партия алаңында талқыланды
Шанжархан Мырзабайдың айтуынша, өткен жылы орташа жол жөндеу жұмыстары барысында сыбайлас жемқорлық фактілері болмаған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыру үшін бірқатар кешенді мәселені шешу керек екендігін атап өтті. Автокөлік жолдарының жай-күйі, қауіпсіздігі – қашанда өзекті. Сол үшін инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолдануды, жолдар сапасына қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосу қажеттігі де айтылған болатын.
Бүгін партияның облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық кеңестің отырысы өтіп, онда автомобиль жолдарына орташа, күрделі жөндеу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар кеңінен талқыланды.
Отырыста «ҚазАвтожол» Ұлттық Компаниясы» Акционерлік қоғамының Қызылорда облыстық филиалы, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда облысы бойынша филиалы басшыларының осы бағыттағы жұмыстарының есебі тыңдалып, комиссия мүшелері тарапынан бірқатар ұсыныстар берілді.
«ҚазАвтожол» Ұлттық Компаниясы» Акционерлік қоғамының Қызылорда облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Шанжархан Мырзабайдың айтуынша, өткен жылы орташа жол жөндеу жұмыстары барысында сыбайлас жемқорлық фактілері болмаған.
«Бұл жұмыстарға мердігерлер және техникалық қадағалаушылар «ҚазАвтоЖол»ҰК» АҚ орталық аппаратымен тендерлік рәсімдемелер жүргізу арқылы анықталады. Сол себепті, филиалда мердігерді анықтау барысында сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол берілмейді. Барлық орындалған жұмыстардың сапасы, көлемі, ҚР заңнамаларына және тиісті құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестігі арнайы аттестатталған инженерлік техникалық қадағалаушының қадағалануымен атқарылып, филиалға қабылдануға ұсынылады. Сонымен қатар, мердігердің және техникалық қадағалаушының арнайы зертханаларынан бөлек, жұмыстар мен қолданылатын материалдарға қажеттілігіне байланысты «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» мемлекеттік кәсіпорнымен сынақтар жүргізіліп, қорытындылары негізінде қабылданады», – дейді Шанжархан Мырзабай.
Жемқорлық әрекеттер, жұмысқа немқұрайлылық салдарынан салынған жолдар сапасы, түрлі қайғылы оқиғаларға әкеп соқтырары анық. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов осы ретте, облыстық маңызы бар автомобиль жолдардың, көпірлердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарына техникалық қадағалау қызметін жүзеге асырып жатқан сарапшылардың жауапкершіліктерін күшейту мақсатында Облыстық бақылау жөніндегі басқармасының өкілдерінің қатысуымен басқарманың жанында жұмыс тобы құрылғандығын атап өтті.
«Өткен жылы жұмыс тобы басқарманың 5 құрылыс нысандарын аралап, аралау барысында 4 құрылыс нысанда жауапты техникалық қадағалаушылардың құрылыс нысанның басында болмау фактілері орын алып, ол бойынша тиісті акті рәсімделді. Аталған фактілер бойынша техникалық қадағалау қызметін жүзеге асыратын ұйымдарға құрылыс нысанында бірнеше рет болмаған жағдайда шарт біржақты бұзылатын ескертілді. Сонымен қатар, құрылыс нысанның басында бірнеше рет болмаған техникалық қадағалаушылар туралы мәлімет Облыстық бақылау жөніндегі басқармасына жолданып тұрады. Бұдан бөлек, басқармамен мердігерлер шарттық міндеттемелерін уақытылы орындамаған үшін сотқа шағымдану бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Осы бағытта 2024 жылы 3 мердігер мекеме «СтандартОйлКЗО» ЖШС, «Асыл-ЖАС» ЖШС, «Жылу ХХІ» ЖШС шарттық міндеттемелерін мерзімде орындамағаны үшін басқарма тарапынан сотқа талап арызбен жүгініп, облыстық апелляциялық сот алқасына дейін шағымдану нәтижесінде аталған мердігер мекемелер мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылар болып танылды», – деді Жәнібек Сыздықов.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда облысы бойынша филиалы басшысы Ерболат Көштаев жергілікті жолдар сапасына қатысты кәсіпорын тарапынан 1216 рет инспекциялық бақылау жұмыстары жүргізіліп, олардан алнынған 2706 сынаманың 653-ы талапқа сай болмағандығы анықталып, 526 сынамасы қайта қалыпқа келтірілгендігін атап өтті. Оның айтуынша өз жұмысына немқұрайлы қарағаны үшін бірқатар серіктестіктер мен олардың техникалық қадағалаушыларына айыппұлдар салынып, жергілікті бюджетке өндірілген.
Жиын барасында сөз алған партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов кеңеспен атқарылған жұмыстарды атап өтіп, партияның 2023 – 2027 ж.ж. арналған «Халықпен бірге!» атты облыстық Сайлауалды бағдарламасында жолдардың сапасын арттыру мәселесі арнайы қаралғандықтан, Жол картада қамтылған жұмыстардың, соның ішінде бұзылған жолдардың, сапасыз жөндеу жұмыстарының, жол құрылысындағы сыбайлас жемқорлықты өміріміздегі қалыпты құбылыс болып қалмауы үшін «AMANAT» партиясының барлық ресурстары тарапынан қатаң бақылау жасалып отыратындығын жеткізді.
Кеңес төрағасы Мақсұт Нәлібаев кеңес құрамына енген өзгерістері таныстыра келе, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық кеңес мүшесі Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы «Жаңару» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысындағы филиалы директоры лауазымына тағайындалуына орай екі қоғамдық ұйым алдағы уақыттарда бірлесе қызмет атқаратындығына сенім білдірді.