Бақылау пайда болғалы жүргізушілер сергек жүруді үйренді – депутат
Тәртіпке бағынған құл, тәртіпсіз ел болмайды.

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, өзекті мәселелерді талқыға салып, жауапты органдарға бірқатар тапсырма берген болатын. Осы орайда Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев Президент айтқан заң мен тәртіптің ауадай қажет екенін айтады.
«Тәртіпсіз ел болмайды. Адам адами болмыстан айнығанда, жақсы адам болудан қалады. Даналарымыз білімнен бұрын тәрбие алуға шақырған. Себебі адамды тәртіпті немесе тәртіпсіз қылатын тәрбиесі. Әлемді өркениетке көшіріп, адамды зиялы қауым еткен тәрбие мен тәртіп. Тура жолмен түзу жүрсең жаңылыспайсың. Адамды жамандықтан сақтайтын шектеулер болады. Шектен шықпау керек. Сол үшін де қазақ "Сақтанғанды Құдай сақтайды" дейді.
Заң азаматтарды тәрбиелейді. Ал, қазір кей құралдар тәртіпке үйретіп жатыр. Жол ережесін сақтап жүрсеңіз өзіңіздің өміріңізді де, жолаушыларды да, көлігіңізді де апаттардан аман сақтайсыз. Бейне бақылау камералары орнатылмай тұрғанда жол-көлік апатынан мыңдаған азаматтарымыздан айырылып қалған ек. Бақылау пайда болғалы жүргізушілер сергек жүруді үйренді.
Шектеулер мен айыппұл мәселесіне келетін болсақ, күні кеше Президент мәжбүрлеу шарасы болмаса, тәртіп орнату мүмкін емес екенін әлемдік тәжірибенің көрсетіп отырғанын айтты. Сондай-ақ мемлекет ұстанымдарына түсіністікпен қарап, келіспейтін тұстарын диалог арқылы шешуге шақырды. АҚШ, Еуропа, Қытай, Корея, Жапонияда қоғамдық тәртіп қатаң бақылауда болады. Ал, бұл адамдарды өз өмірі мен ақшасына жауапкершілікпен қарауға, сондай-ақ, қылмыстың алдын алуға септігін тигізіп келеді. Оның бәрі адамның көзімен емес, бейнебақылау құралдары арқылы тәртіп орнатады. Елімізде де соңғы жылдары криминогендік ахуал оңалып келеді. Расында да тәртіпке бағынған құл, тәртіпсіз ел болмайды. Барлығы тек өзіміздің жүріс-тұрысымызға байланысты екенін ұмытпайық», – дейді ол.