Ербаян Мұхтар Түркиядан елге оралатын болды

Ербаян Мұхтардың емінің бірінші кезеңі аяқталып, Астанаға жолға шықты

Ербаян Мұхтар Түркиядан елге оралатын болды
фото: әлеуметтік желіден
300

Әскерде жарақат алып, мүгедек болып қалған, кейіннен емін Түркияда жалғастырып жатқан Ербаян Мұхтардың жағдайына қатысты тың мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Отбасының адвокаты Инга Иманбай Instagram парақшасында Ербаян Мұхтардың емінің бірінші кезеңі аяқталып, Астанаға жолға шыққанын жазды.

«Ербаянымыз екі-үш ай елде болады. Басына жасалған отадан кейін толыққанды реабилитация бастау үшін оның ағзасы біраз уақыт демалуы керек екен. Көктемде ол Түркияға қайта ұшып, екінші кезең, реабилитацияны бастайды.

Астанада Ербаян нейрохирург профессор Гёкхан Акдемирдің толық бақылауында болады. Бір айдан кейін дәрігердің өзі ұшып келіп, жағдайын өз көзімен көріп кетемін деп отыр. Гёкхан Акдемир Ербаянның басына ота жасаған дәрігер. Ол кісіге ерекше алғысымызды айтқымыз келеді», - деді адвокат.

Ол өз сөзінде еміне көмек көрсеткендерге алғысын білдіріп өтті.

«Ербаян Ыстамбұлда болғанда емін ұйымдастырып, аударма жасап, жандары қалмай көмектескен Динара мен Реджепке де алғыс айтамыз. Жуырда Ербаянның ата-анасы бірінші кезең еміне кеткен қаражат бойынша есеп беріп, осы аралықта төленген қаражаттың чектерін жариялайды. Осының барлығы сіздердің арқаңызда екенін біз ешқашан ұмытпаймыз. Ербаянның емі ұзақ екенін, шыдам мен табандылықты қажет ететінін ескеріп, оған тек қуат пен жігер тілейміз.

Ал бүгінше, бәріміз елге, Отанына ұшып келе жатқан Ербаянға ақ жол тілеп қояйықшы», - деп жазды Инга Иманбай.

Серіктес жаңалықтары