«Анашым, рахмет!»: Тағы бір қазақстандық блогер шетелге көшті

Блогер асығыс көшу себебін түсіндірді.

«Анашым, рахмет!»: Тағы бір қазақстандық блогер шетелге көшті
Сурет блогер Динара Болаттың парақшасынан
446

Саяхат тақырыбында жазатын қазақстандық блогер Динара Болат шұғыл отбасымен шетелге көшіп кетті, деп хабарлады turkystan.kz.

«Қалай болғанын айтып берейін. Италияға оқуға өтіп тұрған қызымның визасын Елшілік 3 ай ұстап, ақыры түскен оқуына үлгермеді. Қайырлысы! Оқуы осы жылы наурызда басталатын Малайзияны таңдады. Бір жыл осы елде фаундейшн оқиды бұйырса. Бакалаврды кейін көре жатар. Басында Азия Европа емес, өмір сүруіне арзан деп қуандық. Бұрын Кипрге, Испанияға көшейік деп қоймайтын жолдасым осы жолы біз де кетсек қалай болады деп қызына Куала Лумпурдағы халықаралық мектептерді зерттесін деді. Азия болған соң мен қарсы болмадым. Бұған дейінгі ұсыныстарына бірнеше жыл келіспей келген едім», — деп жазды автор.

Сондай-ақ ол қызының ағылшыны жақсы деңгейде екенін атап өткен.

«Қызым көпұлтты мектептерді зерттеп, кейбірімен сөйлесіп, ішіндегі бірімен ұлдың емтихан күнін келісіп қойыпты. Ұл өтіп кетті. Қызым ұлдың оқу визасына сұратқан құжаттарды тез-тез реттеп, уақытша пәтерімізді броньдап дайындап қойған. Әкесі екеуміз қызымыздың қаншалықты еті тірі екенін көріп, мәз болып жүргенде “Сіздерді мектебі қаңтардан күтіп жатыр. Тез кету керек” дегенде таң болдық. Бір жағынан бір жыл болса да әлі 18-ге толмаған қызымыздың жанында болып, бастысы ұлымыз жаһандық адам ретінде қалыптасу үшін көпұлтты ортада білім алғанын қатты қаладық. Ал өмір сапасына келгенде Куала-Лумпур әуелден ұнайды. 7 жыл бұрын осы елде қыстадық. Ал қазір тіпті дамып кетіпті. Иә, жақын достарымды, Астанамды, әдемі пәтерімді қимай, қиналып қоштастым. Алайда мұнда жеткен соң ұлым “Мама, осы елге көшіп келгеніміз үшін сіздерге рақмет. Бәріңді қатты жақсы көремін” деп көзі бақыттан жадырап, қайта-қайта қуанышын жеткізгенде жанарынан шешіміміздің марапатын көргендей болдым. Солай бола берсінші!», — деді Д. Болат.

Серіктес жаңалықтары