Qarmet компаниясының өнімін ұрлаған 24 адам сотталды

Қылмыстық топ мүшелері ұрлықпен қатар бопсалаумен де айналысқан.

Qarmet компаниясының өнімін ұрлаған 24 адам сотталды
Akorda
222

Qarmet мүлкін ұрлап, билік өкілдеріне зиян келтірген қылмыстық топ мүшелеріне қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

«Қарағанды облысында ұйымдасқан қылмыстық топты құру және басшылық ету фактісі бойынша үкім шығарылды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Соттың хабарлауынша, 24 адам ұрлау, бопсалау, билігін асыра пайдалану баптары бойынша сотқа тартылған. Оның ішіндегі екі азамат 2022 жылдың маусымы мен 2023 жылдың наурызы аралығында ұйымдасқан топ құрып, оған басшылық еткен. Топтың мүшесі саналатын екі адам күзет агенттігінің қызметкері бола тұра, Қарағанды облысының аумағында орналасқан «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның (қазіргі Qarmet) қола бұйымдарын, швеллерлерін, ыстықтай иленген прокаттарын, мырышталған табақтарын, рельстерін жүйелі түрде ұрлаумен айналысып келген. Олардан бөлек 20 адам «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның мүліктерін алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында ірі және аса ірі мөлшерде ұрлық жасап, ұрлауға оқталғаны белгілі болған.

Қылмыстық топ мүшелері ұрлықпен қатар бопсалаумен де айналысқан. Сонымен қатар 2016 жылдың маусымында күзет агенттігінің күзетшілері болып қызмет еткен азаматтар қару қолдана отырып, билік өкілінің өміріне қауіп төндіріп, денсаулығына қасақана зиян тигізген.

Қандай жаза тағайындалды?

«Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәлердің, сотталушылардың, оның ішінде тергеу барысындағы деректердің айғақтарымен, жедел-іздестіру іс-шараларының жүйесінің, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, заттай дәлелдемелермен, сараптамалардың қорытындыларымен, оқиға болған жерді қарау бейнежазбаларымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді», – делінген сот хабарламасында.

Нәтижесінде сот үкімімен қылмыстық топты ұйымдастырып, басшылық еткен 2 адам 12 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал бірнеше рет ірі және аса ірі мөлшерде үй-жайға заңсыз кiріп, қылмыстық топпен және адамдар тобымен ұрлық жасаған екі адам 10 жылға сотталған.

Билік өкілінің денсаулығына зиян келтіру бабы бойынша бір адам 5 жыл 4 айға қамалған.

Ал қалған адамдар Қылмыстық Кодекстің 188-бабы 3-4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, жасаған қылмысының ауырлығына қарай 6 айдан  5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.

Сот қылмыстық топ мүшелерінен жәбір көрген 38 азаматтың талап арызын өздерінің сұрау бойынша қараусыз қалдырылған. Ал Qarmet АҚ-ның  мүліктік жоғалған тауар түрінің мөлшеріне қатысты талабы азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен соттың қарауына берілген.

Еске сала кетсек, кеншілерді бопсалаумен айналысқан бұл қылмыстық топ мүшелерінің ұсталған туралы ақпарат 2023 жылдың желтоқсан айында тарады. Ол кезде қылмыстық топтың 10 мүшесі ұсталып, оларға кеншілерді қорқытып, моральдық және физикалық қысым көрсету арқылы ақша бопсалады деп айып тағылаған.

Серіктес жаңалықтары