Қоқыс үйіліп тұрады – ақылды қоқыс жәшігін ойлап тапқан оқушы
Біздегі қоқыс жәшіктерінің қақпағы көбіне лас, ішінде қоқыс үйіліп тұрады, микробтар «өріп» жүреді.
Еліміздің әр аймағында талантымен талайды тамсандырып жүрген жастардың жаңашылдыққа бейім болып жүргені көңіл қуантады. Өркениет өрлеп тұрған заманда, әсіресе, өнертапқыш өрендер ай сайын тың дүние ойлап тауып жүр. Астанадағы №38 мектеп-лицейдің 7-сынып оқушысы Бақтығали Ерланұлы қолыңды жақындатсаң, өздігінен ашылып, жабылатын ақылды қоқыс жәшігін құрастырып шығарды. Turkystan.kz тілшісі көптің көңілінен шыққан туындысын «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясы аясында жасап шығарған жас дарынмен аз-кем әңгімелескен еді.
«Ақылды қоқыс жәшігін жасап шығару идеясы ойыма былтыр келген болатын. Біздегі қоқыс жәшіктерінің қақпағы көбіне лас, ішінде қоқыс үйіліп тұрады, микробтар «өріп» жүреді. Бұл осы ақылды жәшікті жасап шығаруыма түрткі болды. Информатика пәнінен беретін Мағжан ұстазыма барып, ойымды айттым. Ол кісі қолдады. Сөйтіп ақылды жәшікті жасап шығардық. Бастапқыда қолды жақындатқан кезде үш секунд ашылып тұратындай етіп жасағанмын. Бірақ үш секунд аз екен. Тез ашылып, тез жабылып қалатын болғандықтан оны 5 секундқа ұзарттым. Қоқыс жәшігі жұмыс істеу үшін үнемі тоққа қосылып тұруы керек. Әр жерге тоқ тартып жүрмес үшін енді оны батареямен жұмыс істейтіндей етіп жасасам ба деп жүрмін. Экран қойғым келеді. Онда қоқыс жәшігінің атауы мен не істеу керектігі жазылып тұрады», – дейді жас өнертапқыш.
Ол осы туындысымен қалалық жарысқа қатысып, 150 оқушының арасынан суырылып шығып, 1-орынды жеңіп алған. Енді одан көп оқушы қатысатын республикалық сайыста бағын сынап көрмек.
«Бақтығалиға алтыншы сыныптан бастап информатика пәнінен сабақ беріп келемін. Жобасының жетекшісімін. Өзі қытайлықтардың ақылды жәшіктерін көрген екен. «Осыны өзіміз істесек қайтеді, сізде қажетті құрылғылар бар ма, маған үйретіңізші» деп келді. Қолдадым. Содан кейін жұмысты бастап кеттік. Біздің мектепте мұндай жұмыстарға қажетті барлық құрал мен база бар. Үш ай жұмыс істедік. Схемасын өзі жасап, сымдарын өзі жалғады. Ұсақ-түйегіне дейін қолмен жинады. Осы жоба өзіне шабыт берді, ынтасы ашылды. Енді ақылды аула жасауға ниеттеніп жүр», – дейді жоба жетекшісі Мағжан Дәнібеков.
Бақтығали – жан-жақты оқушы. Робототехника – кейінгі жылдары пайда болған бір ғана қызығушылығы. Қазақ тілі, қазақ әдебиеті, алгебра мен химия пәндерін жақсы көретін оның әртістігі де бар.
«Өзім – дүкенде сатушымын. Әкесі қоғамдық көлік жүргізеді. Бақтығали – төрт қыздың арасындағы жалғыз ұлым. Балам ақкөңіл, кез-келген адаммен сөйлесіп, бұрыннан танитын адамындай араласып кетеді. «Жайдарманға» қатысады. Былтыр үздік ойыншы атанып, командасымен бірге бас жүлдені жеңіп алды. Журналистік бағытта түрлі видеолар да түсіріп жүреді. Осы ақылды жәшік жобасына ынты-шынтысымен кірісті. Сабақтан кейін сыныпта қалып, көп уақытын жұмсады. Бізден ештеңе сұраған жоқ. «Анашым, біз осындай жұмыс істеп жатырмыз. Бұйырса, бірінші орын алармыз» деп қана айтатын-ды. Мен жұмысқа таңда кетемін, кешке келемін. Балама көп көңіл бөлуге мүмкіндік жоқ. Бақтығали бәріне өзі ұмтылып, өзі тырысып, өзі жетіп жүр», – дейді анасы Гүлмира Сәрсенбаева.