БҚО-да 300-ден астам адам туберкулезге шалдыққан
Батыс Қазақстан облысында өткен жылы туберкулездің белсенді түрімен ауырған 302 науқас тіркелді.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда, 1,6 пайызға төмендеген.
Оның сөзіне қарағанда, 15-17 жас аралығындағы 13 жасөспірім осы жұқпалы дертпен ауырған, бұл 2023 жылғыдан 26,8 пайызға аз.
- Туберкулез – өкпе мен лимфа түйіндерінде ерекше қабыну өзгерістерінің пайда болуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Ол негізінен өкпені зақымдайды, бірақ сүйек, бүйрек, ми мен ми қабықтарының, тері, көз және басқа мүшелердің туберкулезі болуы мүмкін. Туберкулез инфекциясының негізгі көзі – туберкулездің ашық түрімен ауыратын науқас және дерт, әсіресе, қақырық арқылы жұғады, - дейді Н.Мұстаев.
Департамент басшысы орынбасарының айтуынша, аурудың негізгі белгілері: екі апта бойы жөтел, жалпы әлсіздік және шаршағыштық, қызудың ұзаққа созылуы, кеудедегі ауырсыну, түнде тершеңдік, тәбеттің төмендеуі, арықтау, қан кету. Бұл белгілер басқа ауруларда да болуы мүмкін. Мұндай белгілердің себебін тек дәрігер анықтай алады.
- Жұқпалы туберкулезбен ауыратын науқастарда жөтел негізгі симптом болып табылады. Дерттен сақтану үшін алдын алу шараларын ұмытпау қажет. Ең алдымен жаңа туылған нәрестелерге туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинациясы (анасы босанғаннан кейін 2-4 тәулікте перзентханада) жасалады. Жылына бір рет флюорографиялық тексеруден өту және балаларды Манту реакциясына тексеру керек. Сондай-ақ жеке бас гигиенасы ережелерін сақтап, салауатты өмір салтын ұстанған абзал, - деді Н.Мұстаев.