Астана – Щучинск тас жолында соқтығысқан көлік саны 95-ке жетті
Барлық көлік түрі үшін қозғалыс шектелген.
Ақмола облысына қарасты Астана – Петропавл тас жолында соқтығысқан көлік саны 95-ке жетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
«3 қаңтарда сағат 07:20-да ауа-райының бұзылуына байланысты Астана – Петропавл республикалық жолында (18-232 км) барлық көлік түрі үшін қозғалыс шектелді. Жол тазаланып, ауа-райы жақсарғаннан кейін 12:30-да Астана қаласына қарай жол ашылып, жолда қалған көліктерді Полиция департаментінің қызметкерлері мен «ҚазАвтоЖол» арнайы техникасы алып жүрді. Алайда жүргізушілердің жылдамдық ережесі мен қауіпсіз қашықтықты сақтамауына байланысты сағат 13:28-де тас жолдың 153-шақырымында, Жаңаталап ауылының маңында 95 автокөлік соқтығысты», - делінген хабарламада.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен «ҚазАвтоЖол» мамандары жұмыс істеп жатыр. Бір жолақ тазартылған. Жүруге жарамды көліктер жүре бастады. 22 жол машинасы мен екі трактор жұмылдырылған. Басқа барлық көлік түрі үшін қозғалыс шектелген.