Маңғыстауда 4 елді-мекенде интернет жоқ
Олар Маңғыстау ауданының Жарма, Сазды және Басқұдық ауылдары мен Қарақия ауданының Аққұдық ауылы
Аймақта 59 ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде халық саны 250 адамнан асатын 48 ауыл, 250 адамнан кем 11 ауыл бар.
Бүгінгі таңда 55 елді-мекен интернетпен қамтамасыз етілген.
— Тек халқының саны 250 адамнан аз, шалғайда орналасқан 4 елді-мекен мобильді интернетпен қамтылмаған. Олар Маңғыстау ауданының Жарма, Сазды және Басқұдық ауылдары мен Қарақия ауданының Аққұдық ауылы, — деп хабарлайды облыстық ішкі саясат басқармасы.
Аталған 4 ауылдық елді-мекенді «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу арқылы интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған.
Ұлттық жоба аясында 6 ауылдық елді-мекенді мобильді интернетпен қамтуға мүмкіндік бар. Олар Маңғыстау ауданының Жарма, Сазды, Басқұдық және Тиген ауылдары, Қарақия ауданының Аққұдық ауылы, Бейнеу ауданының Ноғайты ауылы. Ұсыныстар Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жолданған.
— Сонымен қатар, биыл облыстағы Аққұдық, Бостан және Бекі ауылдық елді-мекендерінде орналасқан 3 мектеп талшықты оптикалық байланыс желісінің құрылысына дейін, «Starlink» спутниктік интернетімен қамтамасыз етілді, — делінген хабарламада.
Жалпы облыста 2027 жылға дейін республикалық және облыстық маңыздағы автожолдарды сапалы ұялы байланыспен және интернетпен қамту көзделген.