Қарағандыда лудоман 14 млн теңге ұрлап, құмар ойынға салып жіберген
Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.
Лудоман Қарағанды тұрғынынан ұрлаған 14 млн теңгені құмар ойынға салып жіберген, деп хабарлады turkystan.kz.
Қарағандыда полицияға сауда ұйымдарының бірінің 40 жастағы басшысы өтініш білдірді. Ол 14 млн теңге ұрлаған адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуды өтінді. Жағдайды анықтау кезінде полицейлер жәбірленушінің күдіктімен таныс емес екенін, оның тек есімін ғана білетінін анықтады. Күдікті өтініш берушіден бір-екі күннен кейін барлық соманы қайтаратынына сендіріп, оған 1,7 млн теңге қарыз беруін сұраған.
Жәбірленуші келісіп, қарыз алушы кепіл ретінде жеңіл көлігін тастап кеткен. Келесі күні сауда ұйымының басшысы осы көлікпен 14 млн теңге сомасында қолма-қол ақша алып, жұмысына келеді. Біраз уақыттан кейін оған қарыз алушы келіп, кепілге берген көлігінде ноутбугы барын, соны алу керек екенін айтып, көлікті ашуды өтінді. Жәбірленуші айтқанын орындап, өз жұмысымен кеткен. Біраз уақыттан кейін сыртқа шыққанында 14 млн теңге болған көліктің жоқ екенін байқайды.
Ер адам күдіктіге хабарласқанмен, ол телефонын өшіріп тастаған.
Күдікті ретінде 35 жастағы тұрғын ұстады. Ол букмекерлік кеңселердің бірінде үнемі ақшаны ұтысқа тігетінін айтып, бұл ретте де ұтылып қалғанын мойындады. Осыған дейінгі қарыздарын қайтару үшін жәбірленушіден 1,7 млн теңге қарыз алып, айтарлықтай ұтысқа сенген. Кейіннен оқиға орнынан жасырынып, көліктегі 14 млн теңгені тауып алған. Бұл жолы да барлық ақшаны ұтысқа тіккен.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүргізілуде. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.