«AMANAT»: Биыл қоғамдық қабылдауға 110 мыңға жуық тұрғын жүгінді

Республика бойынша партияның 226 қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді.

«AMANAT»: Биыл қоғамдық қабылдауға 110 мыңға жуық тұрғын жүгінді
Автор
Админ
248

Қаржы қылмыстарымен және онлайн алаяқтықпен күрес, ауыл тұрғындарының өсірген көкөніс өнімдерін сақтау және тасымалдау жүйесін құру қажеттілігі, заңнаманы жетілдіру және жер қатынастарын реттеу мәселелері «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау алаңында өткізілген қабылдау барысында қозғалды. Қабылдауды партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев жүргізді. 

Мәселен, астаналық бизнес-кеңесші Нұрқасым Әбуев фермерлер үшін кепілді өткізу мүмкіндігін қамтамасыз ететін жаңа піскен өнімдерді (жеміс-жидек, көкөніс және көк шөптер) сақтау және сатуға арналған көтерме-тарату орталықтарының желісін құру жобасын таныстырды. 

Павлодар облысы Успен ауданының несиелік серіктестік басшысы Ғәділ Нәукенов ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімін жалдау мерзімін ұзарту құқығын беру мәселесін көтерді. Бұл ұзақ мерзімді банктік несие алуға мүмкіндік беретіндей болуы керек, себебі қазіргі ахуал ауыл шаруашылығы өндірушілерін қиын жағдайға қалдырып отыр. 

Батыс Қазақстан облысы Қоскөл ауылының фермері Думан Ерғожин өзі мүше болған кооператив жойылғаннан кейін субсидиялардан айырылғанын айтты. 

Жетісу облысы Сырымбет ауылының тұрғыны Асқар Айдахан «Ауыл аманаты» жобасы бойынша қаражат төлеу рәсімін жеделдетуді сұрады. 

Партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, фракция кредиттеу кезіндегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған заң жобасын әзірлеп жатыр. Алаяқтық үшін жауапкершілікті күшейту бойынша заңнамалық бастамалар депутаттар, сарапшылар және құқық қорғау органдарының қатысуымен талқыланатын болады. 

Ауыл тұрғындары өсіретін бақша дақылдарын кепілдендірілген сатылым бойынша ұсынысқа қатысты партия Хатшысы бұл тәсілдің назар аударуға лайық екенін айтты. 

«Партия «Ауыл аманаты» жобасын іске асырып жатыр, ол ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған. Енді «егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» тізбегін жолға қойып, шағын шаруашылықтардың өз өнімдерін кепілді түрде өткізуге мүмкіндік жасауы қажет», – деп түсіндірді Эльдар Жұмағазиев. 

Жер телімін жалдау мерзімін ұзарту, «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алу, кооператив жойылғаннан кейін субсидия алу мәселелері құзырлы мемлекеттік органдар мен сарапшылардың қатысуымен қаралатын болады. 

Айта кетейік, республика бойынша партияның 226 қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді, оның ішінде 1 республикалық, 20 өңірлік және 205 аумақтық. Биыл қоғамдық қабылдауға 110 мыңнан астам адам жүгініп, 25 мыңға жуық қабылдау өткізілді. Барлық өтініштердің 60%-ы оң шешімін тапты. 

Еске сала кетейік, «AMANAT»-тың кезектен тыс ХХІІ съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партия жұмысын қайта құруды тапсырды. Президенттің айтуынша, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері азаматтар үшін тек шағымдармен емес, елді дамытуға арналған нақты идеялармен келетін орынға айналуы керек. 

Өз сұрақтарыңызбен «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне мына байланыстар арқылы хабарласуға болады: 

1. Call-орталық: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін); 

2. WhatsApp: 8 700 800 4441 

3. E-mail: komek@amanatpartiasy.kz 

Серіктес жаңалықтары