«AMANAT» партиясы Қазақстан мен Вьетнам арасындағы қарым-қатынасты дамытуға үлес қосып жатыр
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Саяси Бюро мүшесі Нгуен Саун Тхангпен кездесті.
Сөз басында «AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы екі мемлекет арасында достық және тең құқықты сипаттағы дәстүрлі қатынастар сақталатынына назар аударды. Дәулет Кәрібек екі елдің мемлекетаралық қатынасы өте тиімді дамып келе жатқанын жеткізді. Былтыр тамыз айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнамға ресми сапармен барды. Ал 2023 жылы қыркүйекте Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Вьетнам Ұлттық жиналысы Төрағасының Орынбасары Нгуен Хак Динмен кездесті. «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы вьетнамдық әріптестерін ауқымды саяси және экономикалық өзгерістер туралы хабардар етті.
«Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүйелі және құрылымдық реформалар жүргізілді, Әділетті Қазақстанды – яғни, барлық азаматқа тең мүмкіндік беретін мемлекет құру бағытында нақты қадамдар жасалуда. Азаматтардың тұрмысын жақсарту, экономиканы монополиясыздандыру, адал бәсекелестікті дамыту, халықты шешімдер әзірлеу және қабылдау процестеріне тарту жөнінде шаралар қабылданды. Еңбек, білім, заңнама және үнемділік құндылықтарына негізделген жаңа қоғамдық этика қалыптасуда», – деді ол.
Дәулет Кәрібек «AMANAT» партиясы мен Вьетнам Коммунистік партиясы арасындағы диалог қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. 2018 жылы Қазақстан мен Вьетнамның өзара іс-қимылы мен әріптестігін күшейтуге мүмкіндік беретін ынтымақтастық туралы екіжақты Меморандумға қол қойылды.
Өз кезегінде, Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Саяси Бюро мүшесі, Хо Ши Мин атындағы Ұлттық саясат академиясының Директоры доктор Нгуен Саун Тханг мемлекеттер арасындағы достық қатынастарды одан әрі нығайту мақсатында «AMANAT» партиясымен ынтымақтастықты жандандыру ниетін растады. Сондай-ақ, ол жуырдағы Яга тайфуны зардабын жою үшін вьетнам халқына көмек көрсеткені үшін қазақстандық тарапқа алғысын білдірді.
«Вьетнам Қазақстанның аймақтағы және әлемдегі геосаяси ықпалын, сондай-ақ Еуропа мен Азия арасындағы байланыстырушы көпір ретіндегі рөлін жоғары бағалайды. Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жетістікке толы саяси және экономикалық өзгерістерге назар аударғым келеді. Вьетнам Қазақстан үшін Оңтүстік-Шығыс Азиядағы басты серіктес екеніне сенімдіміз», – деді ол.
Кездесу соңында тараптар екі партияның жастар, аналитикалық және зерттеу құрылымдары арасындағы байланыстарды жандандыруға, белсенді тәжірибе алмасуға, сондай-ақ екі мемлекеттің саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастығын дамытуға бірлесіп жәрдемдесу жөнінде уағдаласты. Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар партиялық оқыту мен партия кадрларын даярлауды дамыту саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.
Еске сала кетейік, бір жыл бұрын «AMANAT» партиясына Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитеті сыртқы байланыстар жөніндегі бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары Нгуен Тхи Хоанг Ван келген еді.