Текеліде екі адам итті сойып тастаған

Оның етінен тамақ дайындамақ болып, кейін ол ойларынан айнып қалыпты

Текеліде екі адам итті сойып тастаған
istockphoto.com
245

Жетісу облысы Текелі қалалық соты денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және жануарларға қатыгездік көрсету бабы бойынша айыпталған 3 адамға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қыркүйек айында Текелі қаласында ер адамдар К, С және П бірге уақыт өткізіп, ішімдік ішкен. Жолда олар М. есімді азаматты кездестіріп, өздеріне қосылуды ұсынады. Дастархан басында жәбірленуші М. мен айыпталушылар арасында жанжал шығып, арты төбелеске ұласқан. Соның салдарынан жәбірленуші дене жарақаттарын алған. Жанжалдан кейін К. және С. жәбірленушінің итін өлтіріп, оның етінен тамақ дайындауға шешім қабылдаған. Сол мақсатта олар итті ваннаға апарып өлтірген, бірақ оның етін пайдаланудан бас тартқан, – делінген ақпаратта. 

Жәбірленуші сотқа айыпталушылармен татуласуына және келтірілген зиянды өтеуіне байланысты қылмыстық істі тоқтатуды сұрап жүгінген.

Айыпталушылар кінәларын толық мойындап, істегендеріне өкінетіндерін білдіріп, жәбірленушінің өтінішін қолдады және оларға қатысты қылмыстық істі ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатуды өтінген. Сот жәбірленушінің өтінішін қанағаттандырып, С. және П.-ға қатысты қылмыстық істі ҚР ҚК-нің 68-бабына сәйкес тоқтатты. К.-ге қатысты қылмыстық іс 2023 жылдың ақпан айында бір рет тоқтатылғандықтан, заңнамаға сәйкес, оның ісі тоқтатылуға жатпайды. Айып тағылған баптың санкциясы бір жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасын қарастырады. Кінәні жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сот күдіктілерге 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады, – делінген сот хабарламасында. 

 

Үкім заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары