Келіні алимент өндіру үшін балаларының әжесін сотқа берген
Сот келіншектің талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты.
Келіншек Астананың кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына бұрынғы енесіне қарсы арыз түсірген, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Балалардың әкесі материалдық тұрғыдан көмектеспейді, алимент төлемейді. Сондықтан алиментті жауапкердің шешесінен, яғни балалардың әжесінен өндіру туралы талап-арыз берген», - делінген хабарламада.
Сот «Неке және отбасы туралы» кодекстің 152-бабын ескере отырып, талапкердің арызын қанағаттандырған жоқ. Себебі балаларды асырау – бірінші кезекте ата-ананың міндеті.
«Ата-ананың жасына немесе ауыруына (мүгедектігіне) байланысты алимент өндіру мүмкін болмаған жағдайда ғана отбасының басқа мүшелерінен алимент өндірілуі мүмкін. Сот балалардың әкесі тірі, дені сау, еңбекке қабілетті, баларын асырай алатын жағдайда деп шешім шығарды. Оның алименттен жалтаруы әжесінен алимент өндіруге негіз болмайды», - делінген хабарламада.
Сот келіншектің талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты. Үкім заңды күшіне енді.