Қостанай облысында жылу қазандығы жарылды

Зардап шеккендер бар.

Қостанай облысында жылу қазандығы жарылды
Сурет: Қостанай таңы басылымы
293

Аудандық мәдениет үйін, мұражайды және бірнеше көп пәтерлі үйді жылумен қамтамасыз етіп отырған қазандықта апат болды, деп хабарлады turkystan.kz.

Бұл туралы облыстық «Қостанай таңы» басылымы жазды. Әлеуметтік желілерде тараған видеолар туралы аудан әкімдігі пікір беріп, ақпаратты растады. Қазір оқиға орнында тиісті орган өкілдері жұмыс істеп жатыр.

«2022 жылы орнатылған №2 қазандық 2 қабатты үш тұрғын үйді және әкімшілік ғимараттарды (сот, мұражай, мәдениет үйі) жылу энергиясымен қамтамасыз ететін. Жылумен жабдықтауды қалпына келтіру үшін бір тәулік ішінде орнатуға дайын контейнерлік типтегі блок-модульдік қазандық қолданылады. Қалпына келтіру жұмыстары кезінде қазандыққа қосылған үйлердің тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету үшін бірқатар шара қабылданып жатыр. Электр қуатынан үзіліс жоқ», – делінеді хабарламада.

Қазір тұрғын үйлер мен ғимараттардың жылу батареяларының қату қаупі жоқ. Қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан уақытта жылу пушкалары және жылытқыш құрылғылармен қамтамасыз етілген.

Айта кетерлігі, апат салдарынан ауданның бір тұрғыны зардап шекті. Ол ауруханаға жеткізілген.

«Амангелді аудандық ауруханасына 1969 жылы туған науқас жатқызылды. Науқасты аудандық ауруханадан Арқалық қаласының өңірлік ауруханасына жеткізу мәселесін шешу және емдеу шараларын реттеу мақсатымен санитарлық авиация арқылы ауданға анестезиологтар бригадасы жіберілді», – делініп отыр бұл туралы.

Серіктес жаңалықтары