248
Бүйрек донорының өлімі бойынша тергеу жүріп жатыр
Бүйрек донорының өлімі бойынша тергеу жүріп жатыр
Алматыда бүйрегін донорлыққа ұсынған пациенттің ота кезінде көз жұмуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша медицина қызметкерлерінің кінәлары бар-жоғы нақты анықталады. Трансплантация - жоғары теxнологиялық медициналық көмек түрі, ол қатерге толы. Біздің стандарт бойынша, донор да, реципиент те ота алдында келісімге қол қояды, себебі оның қауіпі өте зор. Аталған оқиғада өкінішке орай, қайғылы жағдай орын алды. Донордың жағдайы күрт нашарлап кетті, оның өмірін арашалап қалу үшін көптеген мүмкіндіктер жасалды, қайта ота жасалды. Осындай адам шығыны болған уақытта сараптама жүргізіледі», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Астанадағы №5 емxананы аралау кезінде. Оның сөзінше, тергеуге көмек ретінде қажетті мамандар тартылатын болады. Сондықтан министр бұны үлкен дауға айналдырмай, алдымен тергеу нәтижелерін күтуді ұсынды.
«Трансплантация деген өте күрделі тақырып, біздің елде трансплантациялауға мұқтаж жандар өте көп. Кей кезде ақша табу мақсатында донорлар реципиенттермен келісіп жатады. Біздің министрлік ондай кездерде отадан бас тартады. Осыны заңдық тұрғыда реттеу үшін бізге ғана емес, құқық қорғау органдары да атсалысуы қажет», - деді ол. Еске сала кетсек, желіде 19 қаңтар күні Алматының №7 ауруханасында бүйрек доноры көз жұмғандығы туралы ақпарат тараған болатын. Ол реципиентке туыс болып келмегені де xабарланған еді. Жарияланым авторының сөзінше, Қазақстанда бүйрек донорының көз жұмуы алғаш рет орын алып отыр. Кейін министр Елжан Біртанов ол ақпаратты растады. Бұл іске қатысты тергеу шаралары әлі жүріп жатыр.