«Тіл-көзім тасқа» деген сөздің мән-мағынасы қандай?

Қазақта біреу сұқтанып қараса көз тиеді, тіл тиеді дейтін түсінік бар.

«Тіл-көзім тасқа» деген сөздің мән-мағынасы қандай?
istockphoto.com
Автор
Админ
495

Көз бен тіл тигеннен адам баласының тағдыры тас-талқан болатын да кездері бар. Сол себепті үлкендер «тіл-көзім тасқа» деп, жамандықтың алдын алып жатады. Бұл наным қайдан шықты? Одан қалай сақтануға болады? Осы жайға байланысты «Отбасы хрестоматиясы. Салт-дәстүр сөйлейді» кітабында берілген деректі назарларыңызға ұсынамыз.

Ертеде Бекжан деген кісінің сүтті биесі болыпты. Ол биесін жұрт көзінен таса, сай ішінде сауады екен. Қымызы бүкіл ауылға жетіпті. Бірде биесін жасырын сауып жатқанда сайға түсіп келе жатқан бір топ кісіні көреді. Бекжан: «Биеге сұқтанса, көз биеге емес, тасқа түссін, тіпә-тіпә!» деп, бір малта тасты бос шелектің ішіне тастайды. Өзі сүтті сауа береді.

Аттылар жақын келгенде орнынан тұрып:

– Ассалаумалейкум, жол болсын! - деп сәлем береді.

– Уағалейкүмсалам, балам. Манадан бері қарап келеміз. Биенді сауып жатырсың ба, әлде иітіп жатырсың ба? - дейді топ ішіндегі ақсақалы.

– Бием оңайлықпен иімейтін еді. Иітіп, әуреленіп жатырмын, - деп жауап береді.

– Бәсе, біз де солай ойлап едік. «Екі-үш бие сауым уақыт өтті. Желіні бұлақтай не қылған бие?!» - деп мына бір жас бала таңғалып келе жатыр еді. Біз дес бермей, иітіп жатқан шығар деген едік. Біздің болжам рас келіпті, - деп қария әрі қарай жүре береді.

Жолаушылар кеткен сон Бекжан бос шелекті қарайды. Малта тас ортасы- нан қақ бөлінген екен. Осылайша сұқ көз тасқа тиіп, бие аман қалыпты.

«Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген тәмсіл сөз осыдан қалған екен. Ел ішінде «көз тисе, тасқа тисін, болмаса өз басқа (өзінің басына) тисін», «көз өткеннің көзіне, тіл өткеннің тіліне», «тіл-көзім тасқа» деген ырымдар бар.

Кішкене балаға немесе асыл текті малға көз тимесін деп көз моншақ, түйреуіш қадайды. Ел сенімінде түйреуіш тосыннан келген көзді, тілді түйреп өтеді деген сенім бар. Енді бірі үйдің босағасына, көлігіне қызыл шүберек байлайды.

Көз бен тілден келетін бәлені ескеріп, әулие даналар «сұқтанып қарама», «тесіліп таңданба» деген ырымдар қалдырыпты.

Серіктес жаңалықтары