Халықаралық жастар фестивалінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті

Қазылар алқасы отырысының қорытындысы бойынша әлемнің 34 елінен 82 жеңімпаз анықталды.

Халықаралық жастар фестивалінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті
Сурет: Қазақстандық  Ұлттық ЮНЕСКО клубтарының федерациясы
260

2024 жылы 26 қазанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде Қазақстандық  Ұлттық ЮНЕСКО клубтарының федерациясы ұйымдастырған THE PLANET OF ART - 2024 Халықаралық жастар Фестивалінің финалистер мен жоба жеңімпаздарының жұмыстарының көрмесі, сондай-ақ жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады turkystan.kz.

2024 жылы THE PLANET OF ART-2024 Халықаралық жастар фестивалінің көркемдік циклі ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра объектілері туралы білімді зерделеуге және Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтарының Федерациясының 15 жылдығына арналып, Қазақстанның Дүниежүзілік ЮНЕСКО клубтары мен ассоциацияларының Федерациясында төрағалық етуі аясында өткізілді. Әлемнің 34 елінен 3 пен 18 жас аралығындағы мыңдаған балалар мен жастар өздерінің Әлемдік мұра нысандарын көрсететін жұмыстарын ұсынды.

«THE PLANET OF ART - тек Федерацияның жобасы ғана емес, қатысушылар үшін жаңа көкжиектер ашатын және мәдени алмасудың болашағын қалыптастыратын диалог пен шығармашылық алаңы. Біз 15 жыл ішінде ERG, CNPC, ТШО және TotalEnergies серіктестеріміздің қолдауы арқасында, жастар өздерін көрсетіп және мәдени мұраны сақтауға үлес қоса алатын кеңістік құрғанымызға мақтан тұтамыз», - деп Дүниежүзілік және Қазақстандық ЮНЕСКО клубтарының Федерацияларының Президенті Болат Ақшолаков атап өтті.

Қазылар алқасы отырысының қорытындысы бойынша әлемнің 34 елінен 82 жеңімпаз анықталды. Олар Қазақстанның оңтүстік астанасы - Алматы қаласында өтетін Фестивальдің соңғы бөлігінің қызықты бағдарламасымен танысты. Балаларға Қазақстан Республикасының жетекші педагогтары мен өнер қайраткерлерімен шеберлік сыныптары мен тренингтерден өтуге бірегей мүмкіндік берілді.

Іс-шара бағдарламасының шарықтау шегі - ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұрасы тақырыбына арналған тақырыптық альбомын шығарылуы және тұсаукесері, оған 500-ге жуық THE PLANET OF ART - 2024 Фестивалінің финалистері мен жеңімпаздарының еңбектері енгізілген.

Өз кезегінде, «ERG Komek» Корпоративтік қорының директоры Мәди Исмаилов: «Байқау ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұрасының маңызды тақырыбын терең зерттеуге ықпал ете отырып, Еуразиялық топтың мақсатын толық қолдайды. Біздің тарихымызды түсініп, зерттемейінше лайықты болашақ құру мүмкін емес. Әлемнің 34 елінен келген мыңдаған балалардың өздерінің Әлемдік мұра нысандары туралы білімдерімен бөліскеніне ерекше қуанамыз».

Жобаның бас серіктесі - Eurasian Resources Group (ERG), бірлескен серіктесі CNPC компаниясының және ресми серіктестері - Теңізшевройл және TotalEnergies E&P Kazakhstan қолдауының арқасында жоба тек әлеуметтік сипатта болып, дарынды жас суретшілерді шығармашылық әлеуетін жүзеге асыру үшін қолдау көрсетті. Халықаралық деңгейде өткізілуі мен тұрақтылығының арқасында көрші елдер мен шет елдердің шалғай аудандарында, ауылдарында тұратын жастарға әртүрлі әлеуметтік жағдайы мен  тұрғылықты мекен-жайына қарамастан, өз шығармашылығын көпшілікке паш етіп, тегін қатысуға мүмкіндік берді. Ал байқаудың ақтық сынына өткен қатысушылар Қазақстанның үлгілі, тәжірибелі мамандарынан тәлім алып, өз дағдыларын шыңдай алды. 

Фестивальге Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы, Қазақстан Республикасы Білім министрлігі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі және ЮНЕСКО-ның Алматыдағы аймақтық кеңсесі кеңінен қолдау көрсетті. Жоба серіктестері - «Шымбұлақ» тау курорты және «Kinoplexx & Kinopark Theatres» кинотеатрлар желісі.

Серіктес жаңалықтары