197
Астанада 24 мектептің оқушылары телефон қолданудан бас тартты
Астанада бірқатар білім беру ұйымында «Смартфонсыз мектеп» жобасы іске асып жатыр.
Астана қаласының бірқатар мектебінде жаңа жоба қолға алынды. Оқушылар сабақ барысында алаңдамауы үшін ұялы телефондарын ұстамайды. Бұл туралы елорданың білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды.
«Білім сапасын арттыру мақсатында Астанада бірқатар білім беру ұйымында «Смартфонсыз мектеп» жобасы іске асып жатыр. Оқушылар сабақтың алдында ұялы телефондарын арнайы ұяшықтарға салып қояды», - дейді басқармадан.
Жаңа жоба елорданың бірқатар мектебінде енгізілді. Атап айтқанда, №1, №4, №7, №8, №17, №18, №25, №28, №29, №32, №34, №43, №46, №48, №52, №58, №70, №73, №76, №77, №87, №93, №103, №103 және №108 білім ордасы.
«Мұндай іс-шара оқушылардың ойлау қабілеті мен психологиялық жай-күйіне оң әсер етеді», - деп толықтырды қалалық ведомстводан.
Сондай-ақ Білім басқармасының хабарлауынша, аталған жобаны мектептерге енгізу міндеттелмейді.