Майра Ілиясоваға «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді
Республика күні қарсаңында мәдениет және өнер қайраткерлері марапатталды.
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» орталық концерт залында Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз сөйлеп, қатысушыларды мерекемен құттықтады.
Министр ҚР Президентінің атынан елдің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар мәдениет және өнер саласының қайраткерлеріне марапаттар табыстады.
Мемлекет басшысының Жарлығымен белгілі эстрадалық әнші Майра Ілиясоваға және «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры бас дирижерінің орынбасары Абзал Мұхитдинге «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді.
Сондай-ақ, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Әлиби Әбдінұров, «Астана Балет» театрының балет солисі Айнұр Әбілғазина, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының балет труппасының тәлімгер ұстазы Дамира Зайнуллина, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының кеңесшісі Ғазиза Ғабрахимова, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының әртісі Бақыт Жұмағұлова, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртісі Сүлеймен Ибрагимов, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Назира Мұқышева, Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Ғазиза Нұрғалиева, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актрисасы Рымкеш Омарханова, Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы Алма Сырбаева, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі ән» кафедрасының меңгерушісі Ербол Сарин «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталды.